ЕЭК Алқасы ЕАЭО-ның халықаралық қызметінің 2026 жылға арналған негізгі бағыттарының жобасын мақұлдады
09.10.2025

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық қызметінің 2026 жылға арналған негізгі бағыттарының жобасын мақұлдады.

Құжат Одақтың алдағы жылға арналған сыртқы өзара іс-қимылының түйінді басымдықтарын, векторларын және практикалық міндеттерін айқындайды. Халықаралық қызметтің өзекті басымдықтары мен жаңа драйверлері Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясында баса көрсетілген стратегиялық міндетті іске асыруға — ЕАЭО-ның халықаралық аренада экономикалық тартылыс полюсі ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жобада Одақтың жылдан жылға дәйекті түрде кеңейіп келе жатқан халықаралық күн тәртібінің барлық спектрі бейнеленген. Интеграциялық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтуге, үшінші елдермен диалогты дамытуға, сондай-ақ жаһандық экономикалық алаңдарда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мүдделерін ілгерілетуге басты назар аударылды.

ЕАЭО-ның халықаралық қызметінің 2026 жылға арналған негізгі бағыттарын Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес бекітетін болады.