Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 2 маусымдағы отырысында ЕЭК Кеңесінің фитосанитариялық реттеуді жетілдіруге және бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған шешімдерінің жобаларын мақұлдады.
"Мақұлданған шешімдер сарапшылар қоғамдастығымен және бизнеспен диалогтың нәтижесі болды. Біз үшін азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың қажетті деңгейін сақтай отырып, Еуразиялық экономикалық одақта тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету маңызды", — деп атап өтті ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Александр Субботин.
Шешімдердің бірі жаңа піскен қызанақ, бұрыш және баклажан үшін пепино мозаикалық вирусының болмауы туралы талапты алып тастауды ұсынады. ЕЭК Кеңесі шешім қабылдағаннан кейін бұл фитосанитариялық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін сақтай отырып, аталған өнімнің айналысын оңайлатады.
Сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттері арасында ағаш қаптамалы және бекітпелі материалдардың өткізілуін оңайлату ұсынылады. Егер жылытуды немесе фумигациялауды қоса, қажетті өңдеуден өткенін растайтын арнайы таңбалау бар болса, оларды әкелу және өткізу фитосанитариялық сертификатсыз жүзеге асырылуы мүмкін.
Шешімдердің жобалары белгіленген тәртіппен Комиссия Кеңесінің кезекті отырысында қаралатын болады.
Фитосанитариялық талаптарды оңайлату ЕЭК-тің ұлтүсті реттеуді жетілдіру, артық әкімшілік тосқауылдарды жою және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде азаматтар мен бизнес үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.