Жаңалықтар

23.05.2023 (Обновлено: 25.05.2023 09:40)

ЕЭК Алқасы дәрілік заттардың дистрибьюторына мәліметтерді ұсынбағаны үшін айыппұл салды

Ресейлік «ДИАМЕД-фарма» ЖШҚ-ға және оның басшысына Еуразиялық экономикалық комиссия талап еткен ақпаратты ұсынбағаны үшін 450 мың рубльден астам айыппұл салынды.

Трансшекаралық дәрілік заттар нарығында бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзу белгілерінің болуы туралы материалдарды қарау аясында ЕЭК бірқатар заңды тұлғалардан, соның ішінде «ДИАМЕД-фарма» ЖШҚ-дан ақпарат сұрады. Алайда, белгіленген мерзімде «ДИАМЕД-фарма» ақпарат берген жоқ.

Осы факті бойынша Комиссия осы шаруашылық жүргізуші субъектіге және оның басшысына қатысты іс қозғап, қарастырды.

23 мамырда ЕЭК Алқасы шаруашылық жүргізуші субъекті мен оның лауазымды тұлғасына жалпы сомасы 450 мың ресей рублінен асатын әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады.

ЕЭК Алқасының шешімі жарияланған сәттен бастап 30 күн өткен соң заңды күшіне енеді.

Естеріңізге сала кететін болсақ, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына сәйкес шаруашылық жүргізуші субъектілер (нарық субъектілері), коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, олардың функцияларын жүзеге асыратын өзге де органдар немесе мүше мемлекеттердің ұйымдары (олардың лауазымды тұлғалары), жеке тұлғалар ЕЭК-ке оның сұратуы бойынша белгіленген мерзімдерде Комиссияға жүктелген өкілеттіктерге сәйкес қажетті ақпаратты, құжаттарды, мәліметтерді, түсініктемелерді беруге міндетті.