Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 16 қаңтарда субсидияға рұқсат беру критерийін қолдану үшін бірлесіп өндірілген деп танылған тауарды өндіруге Еуразиялық экономикалық одақтың кемінде екі елінің қатысу қажеттілігі туралы шарттың мерзімін 5 жылға ұзартты. Бұл шешім кооперациялық тізбектерді нығайтуға ықпал етеді және ЕАЭО-да өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдету үшін мүмкіндіктерді сақтайды.
Одақ мемлекеттерінің ЕЭК-пен өнеркәсіптік тауарларға қатысты ерекше субсидияларды ерікті түрде келісуі және Комиссияның мүше мемлекеттердің ерекше субсидиялар беруіне байланысты талқылаулар жүргізу тәртібі туралы келісімге 2017 жылы ЕАЭО нарығына қатысушылар арасындағы өзара сауданы және адал бәсекелестікті дамытуға ықпал ететін жағдайларды қамтамасыз ету үшін қол қойылған еді.
Келісім күшіне енген сәттен бастап ЕЭК-ке ерекше субсидияларды келісу бойынша өкілеттіктер берілді, ал мүше мемлекеттерге мемлекеттік қолдау алған отандық өндірушілерді қорғау үшін Комиссияға жүгіну құқығы берілді. Осылайша, өз іс-әрекеттерін ЕЭК-пен келіскен мемлекет Одақтың кез келген мемлекеті тарапынан осындай субсидия алушыға қатысты өтемақы шарасын кейіннен енгізу тәуекелінен сақтандырылатын болады.
Келісімде субсидияларға рұқсат берудің 15 критерийі белгіленген, олардың бірі мүше мемлекеттер бірлесіп өндірген деп танылған өнеркәсіптік тауарға қатысты субсидия беру болып табылады. Бірлесіп өндірілген тауар деп тану тәртібі 2019 жылғы 11 маусымда Комиссия Алқасының № 93 шешімімен бекітілді және оның жекелеген ережелері уақытша сипатта болады.