Максим Ермолович: "ЕЭК ЕАЭО шеңберінде 2030 жылға қарай ортақ биржалық тауар нарығын қалыптастыру жұмысын бастады"
15.10.2025
15 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович Мәскеудегі "Ресей энергетикалық апталығы" халықаралық форумында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде 2030 жылға қарай ортақ биржалық тауар нарығын қалыптастыру жұмысы басталғаны жайында құлақтандырды.

Максим Ермолович алғашқы қадам ретінде таяу уақытта ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өкілдері кіретін Биржалық комитет құру жоспарланып отырғанын хабарлады. Өзбекстан мен Иранның биржасын байқаушы ретінде шақыру жоспарлануда.

Кең тізбе бойынша биржалық тауарларға баға индикаторларын қалыптастыру жөнінде ЕАЭО-да жалпы қағидаттар мен тәсілдемелерді әзірлеу қажеттігі нысаналы міндет болып айқындалды.

Отын-энергетика кешенінің тауарларына баға индикаторларын белгілеу барлық мүше мемлекеттің ұлттық экономикасының дамуына оң әсер ететінін атап көрсете келіп, Максим Ермолович "ТЭК тауарларының барлық түрін ортақ биржалық тауар нарығына енгізу туралы пікірсайыс қайта басталуға тиіс", — деп атап өтті.