Максим Ермолович: "ЕЭК бәсекелестіктің жалпы қағидаларын ескере отырып, цифрлық нарықтарды реттейді"
10.10.2025

Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович 10 қазанда Ташкентте құқық қолдану практикасы мен негізгі кейстерді қоса, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі бәсекелестіктің жалпы қағидаларын ескере отырып, цифрлық нарықтарды реттеу туралы айтып берді.

ЕЭК министрі "Өзбекстан Республикасындағы платформалық экономика: бәсекелестік туралы заңнама және цифрлық платформалардың нарықтық билігі" халықаралық семинарының панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде Комиссияның ағымдағы жұмысының бағыттарына баса назар аударды. Атап айтқанда, ол цифрлық нарықтарды және цифрлық (электрондық) платформалардың қызметін зерттеуде қолданылатын жалпы тәсілдемелерді қалыптастыру, осы салада секторлық зерттеулер жүргізу, Электрондық сауда туралы келісім жобасын даярлау туралы хабарлады.

"Бүгінде ЕАЭО құқығы Комиссияның цифрлық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыруы үшін жеткілікті құралдар тізбесін ұсынады. Бәсекелестіктің жай-күйін бағалау әдістемесі осындай нарықтарға тән факторларды ескеруге мүмкіндік береді", — деп атап көрсетті Максим Ермолович. 

Іс-шараға қатысушылар тақырыптық панель форматында цифрлық нарықтардағы бәсекелестік туралы таңдаулы заңнамалық практиканы, жасанды интеллектің бәсекелестік пен нарықтық билікке деген өскелең ықпалын талқылады.

Жаһандық цифрлық экономика райында бәсекелестік заңнаманы қолдану стратегиясы және осы саладағы тергеп-тексерулердің ағымдағы жағдаяты туралы сарапшылық пікірсайыс болып өтті. 

Іс-шараны Өзбекстан Республикасының Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті БРИКС-тің Бәсекелестік құқық және саясат орталығымен бірлесіп ұйымдастырды және бәсекелестік саласындағы жетекші сарапшыларды, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің, Бразилияның, Германияның, Үндістанның, Италияның, Қытайдың бәсекелестік ведомстволарының өкілдерін жинады.