Еуразиялық экономикалық комиссия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері 2030 жылға қарай ЕАЭО шеңберінде тауарлардың ортақ биржалық (ұйымдастырылған) нарығын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын кезең-кезеңімен іске асыруға кірісті. ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович бұл туралы "Биржалық тауар нарығы" Х Халықаралық форумының пленарлық отырысында мәлімдеді.
2026-2027 жылдары нарыққа қатысты негізгі реттеуші құжаттарды әзірлеу және қабылдау белгіленген. 2029 жылы имитациялық сауда-саттық өткізу жоспарлануда. Осыдан кейін және тиісті инфрақұрылым пайда болғаннан кейін индикаторлар жүйесін құру басталады.
Бұл ретте негізгі мәселе Одақтың ортақ биржалық тауар нарығында саудаланатын тауарлардың тізбесін қалыптастыру болады.
"Бірыңғай биржалық нарықты құру қазіргі заманғы экономикалық сыни шақырыстарға ден қоюдың пәрменді құралы болуға бағытталған. Шын мәнінде, бұл ЕАЭО шеңберінде тауарлардың қозғалыс еркіндігін қамтамасыз етудің сапалы жаңа деңгейіне өтуге мүмкіндік береді. Біздің елдер экономикасының негізін құрайтын тауарлар Одақтың ортақ биржалық нарығында айналысқа түсуге тиіс деп ойлаймын", — деп атап көрсетті Максим Ермолович.