Максим Ермолович Бішкекте ЕАЭО-дағы бәсекелестік және мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша екіжақты кездесулер өткізді

Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович Бішкекте жұмыс сапарымен болып, Қырғыз Республикасының мемлекеттік органдарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Атап айтқанда, Қаржы министрі Алмаз Бакетаевпен, Цифрлық даму министрі Нурия Кутнаевамен, Экономика және коммерция министрінің орынбасары Гюльшат Асылбаевамен, Қаржы министрінің орынбасары Улугбек Календеровпен, Экономика және коммерция министрлігі жанындағы Монополияға қарсы реттеу қызметінің төрағасы Женалы Орозбаевпен, Қаржы Министрлігі жанындағы Мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Бек Абдырахмановпен келіссөздер жүргізілді.

Еуразиялық экономикалық одақтағы мемлекеттік сатып алу мәселелері, соның ішінде мүше мемлекеттердің заңнамасының ЕАЭО құқығына сәйкестігі мониторингінің қорытындылары, мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы, статистикалық есептілік және Одақтың осы саладағы құқығын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Тараптар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында халықаралық роумингте ұялы байланыс қызметтеріне әділ тарифтерді белгілеу үшін қажетті жағдайларды қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруды қарады.

Кездесулер барысында сондай-ақ 2025 жылы Одақтың тауар нарықтарында бәсекелестіктің жай-күйін бағалауды және секторлық зерттеулерді, соның ішінде енгізілген демпингке қарсы шаралар шеңберінде бастамашылық жүргізу мәселесі қозғалды.

"ЕАЭО кеңістігіндегі бәсекелестік құқық: халықаралық және өңірлік тәсілдемелер" білім беру бағдарламасын және "ЕАЭО кеңістігіндегі цифрлық нарықтарды зерттеу мен реттеудің өзекті мәселелері" конференциясын өткізу бойынша бәсекелестікті адвокаттандыру шеңберінде Комиссияның бастамасына ерекше назар аударылды.

Қырғыз Республикасының бизнесімен бәсекелестікті қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу және ЕАЭО трансшекаралық нарықтарының жұмыс істеуіне байланысты басқа да мәселелер бойынша тікелей диалог үшін ЕЭК-тің Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі блогының Қоғамдық қабылдауларын өткізудің маңыздылығы атап өтілді.