Максим Ермолович: «ЕАЭО-да дәрі-дәрмектердің ортақ нарығын құру бағаны реттеуді үйлестіру арқылы бәсекелестік деңгейін теңестіруді талап етеді»

Еуразиялық экономикалық комиссия алғаш рет бәсекелестік тұрғысынан Еуразиялық экономикалық одақтың фармацевтикалық секторының дамуына кешенді зерттеу жүргізді. Оның қорытындылары туралы ЕЭК бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрі Максим Ермолович 26 маусымда ЕЭФ-2025 алаңындағы «Фармацевтикалық нарықты дамыту: қол жеткізу және қолжетімділік» атты сессиясында айтып берді.

«Фармацевтикалық сектор – ЕАЭО-дағы ұлттықтан жоғары және ұлттық деңгейлердегі экономиканың ең «реттелген» секторларының бірі, бұл трансшекаралық және ұлттық нарықтарда монополияға қарсы нәзік бақылау қажеттілігін қалыптастырады», – деп атап өтті ЕЭК министрі. 

Зерттеу барысында анықталған реттелуі тиіс проблемалардың ішінде ұлттық деңгейде ЕАЭО-ның жалпы нормаларын құқық қолдануға қатысты айырмашылықтар және бірыңғай қағидалар бойынша Одақ елдерінде дәрілік препараттарды тіркеудің біркелкі еместігі, нарыққа шығудың жоғары және ашық емес «кіру шегі», мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін дәрі-дәрмектердің өзара алмастырылуын айқындау ерекшеліктері бар. Мұның бәрі бизнес пен тұтынушылар үшін кедергілер тудыруы мүмкін.

Бағаны реттеуге ерекше назар аударылады. Максим Ермоловичтің айтуы бойынша, «бүгінде бұл ЕАЭО елдерінің ұлттық құзыреті. Алайда, Одақтың дәрілік заттардың ортақ нарығын қалыптастыру талабы бойынша реттеудегі айырмашылықтарға және соның салдарынан туындайтын дәрілік заттардың бағалық диспаритеттеріне назар аудару керек. Бұл бәсекелестік үшін қиын нәрсе болып табылады».

Зерттеу көрсеткендей, Одақ елдерінде жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған препараттардың бағасы (508% дейін), «қан және қантүзу» тобының препараттары (497% дейін), антибиотиктер (275% дейін) барынша ерекшеленеді. Бұл – мемлекеттік бағаны реттеу объектілеріндегі, шекті бағаларды есептеу әдістемелеріндегі және референтті елдердің тізбелеріндегі айырмашылықтардың салдары. Кейде кәсіпкерлік субъектілерінің жосықсыз нарық стратегиялары да орын алуы мүмкін.

Осыған байланысты ЕАЭО аясында бағаны реттеу мақсатында дәрі-дәрмектердің үлгілік тізбесін және Одақ елдерінің халқы үшін дәрі-дәрмектерге тең қол жеткізудің кепілдік берілген деңгейін қамтамасыз ету үшін өндірушінің шекті бағаларын есептеу бойынша үлгілік әдістемені жасау мүмкіндігін пысықтау ұсынылды. Сонымен қатар нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы мінез-құлқының алдын алу мақсатында жұмсақ реттеу механизмі ретінде «ЕАЭО фармацевтикалық секторының адал тәжірибелер кодексін» әзірлеуді бастау жоспарлануда.

Сессияға қатысушылар ЕАЭО дәрілік заттардың ортақ нарығын дамыту перспективаларын, осыған байланысты монополияға қарсы органдардың рөлін, фармацевтика өндірісін ынталандыру шараларын талқылады.

Пікірталасқа Ресей ФАС басшысының орынбасары Тимофей Нижегородцев, Беларусь денсаулық сақтау министрінің орынбасары Александр Старовойтов, ДДҰ Еуропа бюросының директоры Ханс Клюге, Қырғызстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Каарманбек Байдавлетов, Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының басқарма төрағасының орынбасары Адлет Табаров, бейінді қауымдастықтар мен фармацевтикалық компаниялардың басшылары, сараптамалық және ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері қатысты. Сессия қонақтары Қытай, Куба, Мьянма бизнес және мемлекеттік басқару органдарының өкілдері болды.

2024 жылы ЕАЭО аясында фармацевтика секторының көлемі 30,9 млрд долларды құрады, оның 66% дәріханалық (бөлшек) сегментке, 34% мемлекеттік сатып алуға тиесілі. Бұл ретте дәріхана сегменті Одақтағы барлық тауарларды бөлшек саудада сатудың жалпы көлемінің 3% қамтыды. Дәрі-дәрмектерді мемлекеттік сатып алу ЕАЭО-дағы мемлекеттік сатып алудың жалпы көлемінің 7% құрайды. ЕАЭО елдерінде 2024 жылы өндірушінің бағасы бойынша фармацевтика өндірісінің көлемі 948 млрд ресей рублін немесе 10,2 миллиард АҚШ долларын құрады. Ресей рубліндегі өндіріс көлемінің өсу қарқыны +18% құрайды.