Ресей Федерациясының Үкіметі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кәсіби жүргізуші-азаматтарының уақытша болу мерзімін жылына 180 күнге дейін ұзартты. Тиісті қаулы ресми порталда жарияланды және 2026 жылғы 30 маусымнан бастап күшіне енеді.
Еске сала өтсек, 2025 жылы халықаралық автомобиль тасымалдаушылары – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары Ресей Федерациясының аумағында өздерінің кәсіби қызметін жүзеге асыруда қиындықтарға тап болды. Шетелдік азаматтардың Ресей Федерациясында уақытша болу мерзімінің жылына 90 күнге дейін қысқаруы көлік компанияларының шығындарының өсуіне әкелді.
Бұл мәселе Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында бірнеше мәрте қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша халықаралық жүк тасымалдаушыларға өздерінің кәсіби қызметін жүзеге асыруды жалғастыруға мүмкіндік беретін жедел ден қою шаралары әзірленді.
Қазіргі уақытта халықаралық жүргізушілердің, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарының Ресей Федерациясының аумағында уақытша болу мәселесі шешілді.
Мәселен, "Ресей Федерациясының Үкіметі былай деп қаулы етті: Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің азаматтарының, сондай-ақ халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын кәсіби жүргізушілер болып табылатын, виза алуды талап етпейтін тәртіппен Ресей Федерациясына келген Грузия азаматтарының осындай шетел азаматтары белгіленген тәртіппен Ресей Федерациясына кіру және Ресей Федерациясында болу (тұру) мақсатында өтініш берген жағдайда, күнтізбелік бір жыл ішінде жиынтығы 180 тәулікке дейін Ресей Федерациясында уақытша болу мерзімі ұзартылсын".
Көрсетілген өтінішті беру мәселесі жайындағы толық ақпарат сілтеме бойынша орналастырылған.
Аталған шараны іске асыру мақсатында Ресей Федерациясының Үкіметі Ресей Федерациясына кіру туралы өтініш берген кезде халықаралық автомобиль тасымалдаушылары ұсынуы қажет болатын құжаттардың тізімін айқындады, дәлірек айтқанда олар:
-
жеке басын куәландыратын құжаттың немесе Ресей Федерациясының халықаралық шартына сәйкес жеке басын куәландыратын құжат ретінде танылған өзге құжаттың көшірмесі;
-
егер Ресей Федерациясының заңнамасында немесе Ресей Федерациясының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын кәсіби жүргізуші азаматы болып табылатын мемлекетте берілген және М2, М3, N2, N3, 03 немесе 04 санатындағы көлік құралын басқару құқығын растайтын шетелдік ұлттық жүргізуші куәлігінің немесе халықаралық жүргізуші куәлігінің (тиісті ұлттық жүргізуші куәлігімен бірге ұсынылатын) көшірмесі;
-
М2, М3, N2, N3, 03 немесе 04 санаттағы көлік құралын тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
-
халықаралық тауар-көлік жүкқұжатының көшірмесі (жүк автомобильдерінің жүргізушілері үшін) не тұрақты тасымалдау маршрутының картасы немесе жолаушылар тізімі (автобус жүргізушілері үшін).
Тиісті қаулы ресми порталда жарияланды және 2026 жылғы 30 маусымнан бастап күшіне енеді.