Жаңалықтар

19.05.2022 (Обновлено: 27.05.2022 10:42)

Михаил Мясникович ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Минмен кездесу өткізді

Мәскеуде Комиссияның штаб-пәтерінде 18 мамырда ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович пен ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай ынтымақтастық ұйымының арасындағы ынтымақтастықты тереңдету бағыттарын талқылады

Михаил Мясникович ЕАЭО мен ШЫҰ-ның Одаққа кірмейтін елдерінің тауар айналымы өткен жылы пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда төрттің біріне артқанын және 200 млрд долл. дерлік жеткенін атап өтті. «Демек, бұл біздің бірлескен күш-жігеріміздің нәтиже беріп отырғанын білдіреді», — деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының Төрағасы. 

Ол екі бірлестіктің әлеуетін біріктіру жұмысын жалғастыруды және 2021 жылғы қыркүйекте жасасылған ЕЭК пен ШЫҰ Хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру мақсатында таяу арада 2022-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын келісуді ұсынды.Құжат жобасы қазірдің өзінде әзірленіп, ШЫҰ Хатшылығы атына жіберілді. Тараптар Өзбекстанның төрағалық етуі шеңберінде Самарқандта өтетін ШЫҰ саммитінде бұған ағымдағы жылғы қыркүйекте қол қоюға ниет білдірді.

«ЕАЭО мен ШЫҰ халықаралық қатынастардың жаңартылған жүйесінің тірегін қалыптастыруға қабілетті», — деді Михаил Мясникович.

«Бүгінде әлемде елеулі өзгерістер болып жатыр, бұл біздің ұйымның барлық мүшесіне ықпалын тигізеді. Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша қалыптасқан мемлекетаралық өзара қарым-қатынастардың жүйесі толық өзгеретін сыңайлы. Біздің елдеріміздің ұзақ мерзімді мүдделерін қамтамасыз ету үшін пайда болатын сын-қатерлерге қалай қарсы тұра алатынымызды талқылауға біз дайынбыз», — деп атап көрсетті Чжан Мин.

Чжан Мин ШЫҰ елдерінің лидерлері Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен тірегі Еуразиялық экономикалық одақ болып табылатын Үлкен Еуразиялық әріптестікті ұштастыру қажеттігін атап өткенін хабарлады.

Михаил Мясникович өз кезегінде әңгімелесушінің назарын Одаққа мүше бірқатар елдерге қатысты санкциялық қысымды қоса, өзгермелі геосаяси ахуал жағдайында ШЫҰ елдерінің бизнесі үшін үлкен мүмкіндіктер ашылатынына аударды.

«Кәсіпорындар Үлкен Еуразиялық әріптестік шеңберінде экономикалық ынтымақтастық негізін ресімдеу үшін «ұзақ мерзімді» жұмысқа бағдар ұстануы қажет.ЕАЭО-да ұлтүсті деңгейіне шығарылған кедендік-тарифтік және техникалық реттеу жүйесі арқылы біз олардың жұмысы үшін қолайлы жағдайлар жасай алар едік. Бұдан басқа, энергетикалық секторда, сондай-ақ логистикада ынтымақтастықтың жақсы перспективалары бар», — деп атап өтті ЕЭК Алқасының басшысы.

Кездесу шеңберінде тараптар сондай-ақ қаржы саласындағы, атап айтқанда, өзара есептесу мен ұлттық валюталарда баға белгілеу мәселелері бойынша іс-қимылға жеке назар аударды.

Михаил Мясникович ШЫҰ Бас хатшысын алдағы уақытта Бішкекте өтетін Еуразиялық экономикалық форумға және Комиссияның мерекелік Петербург халықаралық экономикалық форумы шеңберіндегі іс-шараларына қатысуға шақырды.

Кездесуге ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев те қатысты.