Жаңалықтар

25.11.2021 (Обновлено: 31.03.2022 15:32)

ЕАЭО елдерінің Ауыл шаруашылығы министрлері АӨК саласындағы интеграцияны дамыту мәселелерін талқылады

Одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің екінші отырысы шеңберінде ЕАЭО елдері уәкілетті ведомстволарының басшылары, Еуразиялық экономикалық комиссияның бейінді министрлері мен Еуразиялық даму банкінің өкілдері Еуразиялық экономикалық одақта агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамыту мәселелерін, соның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымының бірыңғай нарығын қалыптастыру перспективалары мен саланы цифрлық трансформациялауды, сондай-ақ Еуразиялық тауар тарату желісін құру жөніндегі бастаманы талқылады. Кеңеске қатысушылар Комиссия мен елдердің тұқым шаруашылығы саласындағы интеграцияны дамыту мен тереңдету жөніндегі жұмысының маңыздылығын, сондай-ақ бірыңғай тұқым нарығын қалыптастырып, дамыту үшін бірлескен шаралар қабылдауды жеделдету қажеттігін атап көрсетті.

Бүгінде Одақта ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары мен отырғызу материалдарының үшінші елдерден импортына жоғары тәуелділік сақталып қалып отыр, ЕЭК статистикалық деректері бойынша оның көлемі 2020 жыл ішінде 1026,2 млн долл. құрады. Аталған импорттың 80%-ға дерлігі — жүгерінің, күнбағыстың, қант қызылшасының, көкөніс дақылдарының тұқымдары, жеміс және жидек дақылдарының отырғызу материалы. Бұл ретте ЕАЭО шеңберіндегі тұқымдардың өзара саудасының көлемі осы кезең ішінде 58,2 млн долл. құрады.

«ЕАЭО елдерінің ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптарын сынау мен тұқым шаруашылығы салаларындағы заңнамасын біріздендіру бағыттарын Одақ мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО-ның бірыңғай тұқым нарығын 2022-2025 жылдар кезеңінде дамытудың кезекті кезеңі ретінде айқындады. Бұл бағыттағы жұмыстың белсенді түрде алға жылжуы сүйінішті. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі біздің елдерімізде тұқым мен отырғызу материалы импортына сыни тәуелділігі бар ауыл шаруашылығы дақылдарының тізбесін бекітті. Біздің таяу перспективадағы міндетіміз — Одақтың ортақ аграрлық нарығында олардың бәсекеге қабылеттілігін арттыру үшін селекция мен тұқым шаруашылығын дамытудың бірлескен шараларын әзірлеу», — деді ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

Одақ елдерінің Ауыл шаруашылығы министрлері ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін мақұлдады, оның шеңберінде селекция мен тұқым шаруашылығының ағымдағы жай-күйін ізеуіртті талдау дайындалады, сондай-ақ оларды ЕАЭО-да дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленеді.

«Сөйтіп, біз ауыл шаруашылығының осы салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, соның ішінде ауыл шаруашылығы үшін сұранысты сұрыптар өсіріп шығару мен жоғары сапалы тұқымдар өндірісіне қатысты шараларды тұжырымдай аламыз», — деп түйіндеді Артак Камалян.

Тараптар Комиссияның ЕАДБ-мен ынтымақтастықта пысықтаған ЕАЭО бірыңғай тауар тарату желісін қалыптастыру мәселесін де қарады. Сөз ауыл шаруашылығы өнімін өткізу үшін көтерме сауда-тарату орталықтары желісін қоса, инфрақұрылымдық агрологистика объектілерінің өзара байланысты жүйелерін құру туралы болып отыр.

Артак Камалян атап өткендей, Одақта бірыңғай тауар тарату жүйесін құру өзара сауда көлемін өсіруге, импортқа тәуелділікті қысқартуға, инвестициялар тартуға және жобаны іске асыруға бизнесті жұмылдыруға ықпал етеді. Бұл инфрақұрылым мен аралас салаларды дамытуды ынталандырады, жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді, өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады, тауарларды сақтау мен тасымалдау кезіндегі шығындарды қысқартады.

ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко өз кезегінде ЕАЭО елдерінде агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты дамуы және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық, соның ішінде эпизоотиялық және фитосанитариялық саламаттықты қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді кешенді шешудің маңыздылығын атап көрсетті.

«Осы бағыттар бойынша Одақта жүйелі негізде қажетті құжаттар әзірленуде және қабылдануда. Бұл, бәрінен бұрын, Жануарларды және жануарлардан алынатын өнімдерді сәйкестендіру, тіркеу және қадағалап отыру кезіндегі келісілген тәсілдемелер туралы ереже және ЕАЭО-да ветеринариялық дәрілік заттар айналысын реттеу қағидалары», — деп атап көрсетті ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко.

Виктор Назаренко сондай-ақ Одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің мүшелерінен, мүше мемлекеттердің Ауыл шаруашылығы министрлерінен Одақ органдарының бұл құжаттарды тезірек қабылдауы үшін елдердің түпкілікті позициясын тұжырымдауға жәрдем көрсетуді өтінді.

Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңес шеңберінде сондай-ақ Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы және Экономика министрлері орынбасарларының деңгейінде өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік кешен үшін кадрлар даярлау саласында Одақ мемлекеттерінің өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі меморандумға қол қою рәсімі болып өтті. Құжатта білім алушылардың академиялық ұтқырлығын, бірлескен білім беру бағдарламалары мен неғұрлым сұранысты әрі перспективалы мамандықтар бойынша онлайн-курстар дайындау мен ендіруді, кадрларды қайта даярлау мен біліктілігін арттыруды, басқа да бірқатар бағыттарды қамтамасыз ету көзделген.

«Меморандум ережелерін іске асыру Одақта білім беру мекемелері мен мәдениетаралық коммуникациялардың әріптестігі жүйесін нығайтуға, бейінді білімнің тартымдылығы мен кәсіби құзыреттердің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Артак Камалян.

Қол қойылған құжатты іске асыру шеңберінде қазір Комиссияның агроөнеркәсіптік блогының үйлестіруімен Армения мен Ресей арасында шарап жасау жөнінде бірлескен білім беру курсын іске қосу жұмысы жүргізілуде. Бұдан басқа, қосымша кәсіби білім беру шеңберінде Одақ мемлекеттерінің мүдделі ғылыми-білім беру мекемелерінің «ESG және азық-түлік жүйелерінің орнықты дамуы» және «Дәлме-дәл егін шаруашылығы» сияқты тақырыптар бойынша біліктілікті арттыру курстарын жүргізу мүмкіндігі туралы мәселе пысықталуда.

Анықтама:
ЕАЭО Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесі келісілген агроөнеркәсіптік саясат жүргізу кезінде Одақ елдерінің Ауыл шаруашылығы министрліктерінің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін ЕАЭО мемлекеттері басшыларының шешімімен құрылды. Оның құрамына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Ауыл шаруашылығы министрлері және ЕЭК-тің Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі мен Техникалық реттеу жөніндегі министрі кіреді.