ЕЭФ-2026-да жаһандық экономиканы трансформациялау жағдайында Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамыту перспективалары қаралды

29 мамырда Астанада V Еуразиялық экономикалық форум аясында өткен «Еуразиялық экономикалық интеграция: сын-қатерлер мен перспективалар» тақырыптық сессиясының қатысушылары Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың негізгі мәселелерін талқылады.


Талқылауға Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері, экономика министрліктерінің, даму институттарының басшылары, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ғылыми сарапшылары қатысты.

Пікірталасқа қатысушылар экономиканы трансформациялаудың жаһандық процестерін және мүше мемлекеттер мен тұтастай Одақ үшін ілеспе сын-қатерлерді атап өтті. Олардың қатарында әлемдік сауда ережелерінің өзгеруі, жаһандық жеткізілім тізбектерінің қайта құрылуы, шикізат пен азық-түлік бағасының өсуі, сондай-ақ цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллектіні енгізумен байланысты технологиялардың қарқынды дамуы бар. Спикерлер ЕАЭО-ның жаңа жағдайдағы экономикалық әлеуетіне ерекше назар аударды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның интеграция және макроэкономика министрі Данияр Иманалиев Одақ қызметінің маңызды нәтижелері, Еуразиялық күн тәртібінің ұзақ мерзімді перспективаға арналған негізгі бағыттары, әлемдік экономиканың жаһандық өзгерістері жағдайында мүше мемлекеттер үшін мүмкіндіктер туралы айтып берді.

ЕЭК министрі Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы сын-қатерлерге тиімді жауап беру, өзара сауданың тұрақтылығын қамтамасыз ету және мүше мемлекеттер арасындағы кооперациялық байланыстарды нығайту қабілетін дәлелдегенін атап өтті.

«ЕАЭО біздің мемлекеттер, бизнес пен азаматтар алдында тұрған негізгі міндеттерді шешудің тиімді құралы ретінде қалыптасты. Біз өзара сауда ағындарының қарқындылығын сақтап, өнеркәсіптік кооперацияны қаржыландыру тетігін іске қостық және ортақ нарықты нығайттық. Бүгінде Одақ халықаралық аренада экономикалық тартылыс орталықтарының бірі ретінде орнықты», – деді Данияр Иманалиев.

Ол сондай-ақ цифрландыру, жасанды интеллект және роботтандыруды дамыту жағдайында ЕАЭО елдері осы бағыттар бойынша жұмысты күшейтуі қажет екенін атап өтті.

«Біздің ортақ міндетіміз – Одақ аясында технологиялық дамуды жеделдету. Бұл үшін барлық қажетті құралдар мен әлеует бар», – деп атап өтті ЕЭК министрі.

Данияр Иманалиев мүше мемлекеттердің алдағы уақытта нәтижелі ынтымақтастығын жалғастыратынына сенім білдіріп, ЕАЭО кеңістігінде интеграциялық үдерістерді дамытуда сарапшылар мен ғылыми қауымдастықтың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.