28 мамырда «Көлік және логистика саласындағы цифрлық шешімдер» атты тақырыптық сессия барысында қатысушылар көлік пен логистикадағы ЖИ мен цифрлық технологияларды дамыту мәселелерін талқылады. Іс-шара Астанада V Еуразиялық экономикалық форум алаңында өтті.
Сессия спикерлері ретінде ЕАЭО елдерінің көлік министрлерінің орынбасарлары, БҰҰ ЕЭК атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясин және Еуразиялық даму банкінің аға басқарушы директоры Алексей Скатин сөз сөйледі.«Еуразиялық экономикалық одақтың көлік саласы әлемдік экономиканың қарқынды трансформациясы дәуірінде дамуда. Бүгін біз теориядан цифрлық шешімдерді практикалық іске асыруға, пилоттық жобалардан қағазсыз технологияларды толық көлемде енгізуге, жекелеген интеллектуалдық шешімдерден цифрлық экожүйелерді құруға көшіп отырмыз», – деп атап өтті ЕЭК-тің энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев.
Қатысушылар ЖИ мен цифрлық технологияларды қолданудың өзекті кейстері, интеллектуалды көлік жүйелерін және пилотсыз көлікті дамытудың перспективалары, көлікте ЖИ енгізудің технологиялық сын-қатерлері мен оның құқықтық реттелуі жөнінде пікір алмасты.
Атап айтқанда, халықаралық автокөлік тасымалдарын жүзеге асыру барысында e-CMR электрондық жүкқұжатымен трансшекаралық алмасу жөніндегі пилоттық жобаны іске асырудың алдын ала нәтижелері қорытындыланды. ЕАЭО-да
e-CMR қолдану арқылы халықаралық тасымалдарды тікелей жүзеге асыру 2026 жыл ішінде жоспарланып отыр.
Талқылау барысында дәл цифрлық технологиялар сапалы серпіліс жасауға мүмкіндік беретіні, яғни деректерді біріктіріп, ЕАЭО-ның бірыңғай ақпараттық кеңістігін құруға жағдай жасайтыны атап өтілді. Арзыбек Кожошевтің айтуынша, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу көлік саласының негізгі көрсеткіштерін 20–30%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
Қорытынды сөзінде ЕЭК министрі ұсынылған бастамалар мен ұсыныстар 2027–2029 жылдарға арналған үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын іске асыру бойынша жол картасы жобасын әзірлеу аясында жан-жақты қарастырылатынын атап өтті.