Николай Кушнарев: "Біз Мексикамен өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз"

Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Николай Кушнарев "Ресей-Мексика" бизнес-форумында Мексикамен өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимыл туралы меморандум жасасу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

"Біз бірлескен бастамалар мен өзара тиімді өнеркәсіптік жобаларды іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ пен Мексика арасындағы ынтымақтастықтың нысаналы архитектурасын құруға мүдделіміз", – деп атап өтті Николай Кушнарев.

ЕЭК және Одақ елдері үшін, атап айтқанда, Мексика мен Латын Америкасының басқа да елдерінің арнайы экономикалық аймақтар мен өнеркәсіптік кластерлер механизмін пайдалану тәжірибесі қызығушылық тудырады. ЕАЭО мен Мексиканың қосылған құнның жаңа тізбегін құру және технологиялар трансфері мақсатындағы ынтымақтастығы белгілі бір әлеуетке ие.

"Бізде Латын Америкасының экономикалық жүйесімен, Орталық Американың экономикалық интеграциясы мәселелері жөніндегі Хатшылығымен меморандум түріндегі бірлескен бастамаларды дамыту үшін елеулі база бар. Бұған қосымша ретінде, біз Мексикамен бөлек меморандум жасасу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, біздің мүмкін болатын ынтымақтастығымыздың өзекті бағыттарын сонда көрсетуге болады", — деді ЕЭК департаментінің басшысы.

Николай Кушнарев Мексиканың мемлекеттік органдарымен және бизнесімен диалогты одан әрі дамытуға үмітті екенін білдірді және әріптестерін осы жылғы маусым айында Минскіде өтетін Еуразиялық экономикалық форумға қатысуға шақырды.

ЕАЭО-дан Мексикаға кооперациялық (аралық) өнеркәсіп өнімдерінің экспорты негізінен металлургия және химия өнеркәсібінің өнімдерінен құралған (2024 жылы бұлар кооперациялық өнімдер экспортының жалпы көлемінің тиісінше 61,6% және 34,6%-ы болды). Мексикадан ЕАЭО-ға импортты — химия өнеркәсібінің өнімдері, машиналар мен жабдықтар (басқа топталымдарға кіргізілмеген), кооперациялық өнім импортының жалпы көлемінің шамамен 64%-ына сай келетін басқа да өнеркәсіптік тауарлар құрайды.