Тамақ өніміне арналған техникалық регламентке орайлас стандарттар жаңартылды

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Кеден одағының "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне (КО ТР 021/2011) орайлас зерттеу (сынау) және өлшеу әдістеріне арналған стандарттар тізбесіне өзгерістерді бекітті.

Олар 2023 жылғы 23 маусымда Комиссия Кеңесі қабылдаған жануарлардан алынатын тамақ өнімдеріндегі ветеринариялық дәрілік заттардың (фармакологиялық белсенді заттар мен олардың метаболиттерінің) қалдық мөлшерінің барынша рұқсат етілгендеңгейін белгілеу бөлігінде енгізілген өзгерістерді ескере отырып, техрегламент талаптарын іске асыру шеңберінде дайындалған.

Тізбе екі жаңа құрылымдық элементпен толықтырылды, оларға 50 мемлекетаралық стандарт, Ресей Федерациясының үш ұлттық стандарты, Қазақстан Республикасының үш ұлттық стандарты және 34 әдістеме кіреді.

Сондай-ақ, қолданыстағы құрылымдық элементтердің тізбесіне екі мемлекетаралық стандарт, Беларусь Республикасының бір мемлекеттік стандарты және Ресей Федерациясының бес әдістемелік нұсқаулары кірістірілген. Бұдан басқа, тиісті мемлекетаралық стандарттың қабылдануына байланысты тізбеден Ресей Федерациясының ұлттық стандарты алып тасталды.

Қабылданған өзгерістер 2024 жылғы 10 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл күн КО ТР 021/2011 өзгерістерінің күшіне ену күнімен өзара байланысты (ресми жарияланған күнінен бастап 12 ай өткен соң, жарияланған күні 2023 жылғы 10 шілде).