Беларусь Республикасы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ органдарында үшінші рет төрағалық етеді.
Өткен онжылдықта біздің Одақ тығыз экономикалық интеграция идеясының дұрыстығын, өзінің өміршеңдігі мен нәтижелілігін дәлелдей алды. Бірлескен күш-жігермен біз макроэкономикалық орнықтылық әлеуетін арттырдық және теріс геосаяси факторлардың әсерін барынша азайттық.
2025 жыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін айтулы болады: Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағыттарын іске асырудың бесжылдығы аяқталады және жаңа кезеңнің бастау алуы мен ЕАЭО шеңберіндегі экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясын іске асыру үшін іргетас қаланады. Осыған байланысты Одаққа мүше мемлекеттердің жемісті интеграциялық өзара іс-қимылын нығайту мақсатында жаңа жылда біздің ортақ зейін-назарымыздың орталығында болуға тиіс мынадай негізгі басымдықтарды айқындауды ұсынамыз.
1. Бірлескен күш — жігерді ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің технологиялық әлеуетін дамытуға, экономиканың барлық саласында кооперациялық өзара іс-қимылдың ортақ кеңістігін қалыптастыруға шоғырландыру қажет.
Осы мақсатта ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жасанды интеллект, электр көлігі, микроэлектроника, робот техникасы және жаңа материалдар салаларындағы бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыруды жандандыруымыз керек. Бұл бағыттағы ынтымақтастық жаңа импортты алмастыратын өндірістер құру, Еуразиялық бренд аясында бірлескен өнім шығару мақсатында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кәсіпорындары арасындағы әріптестік қатынастарды дамыту үшін сенімді базаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2. Одақтың азық-түлік қауіпсіздігін арттыру үшін күш-жігерді селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға, асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін арттыруға шоғырландыру ұсынылады.
3. Тең (кемсітпейтін) жағдайларды қабылдай отырып, әділ бәсекелестікті қамтамасыз ете келіп, әсіресе елдеріміз арасындағы әуе тасымалын орындау кезінде бірыңғай көлік кеңістігін қалыптастыруды аяқтаған жөн. Жүктерді үшінші елдерге және олардан халықаралық автомобильмен тасымалдаудың барлық түріне рұқсат беру жүйесін жою жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Жүктерді кедергісіз жеткізудің жаңа логистикалық тізбегін құру және жұмыс істеп тұрғандарын жетілдіру, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді байланыстыратын "жіксіз" және қауіпсіз халықаралық көлік дәліздерін дамыту айрықша маңызды болып көрінеді.
4. Сондай-ақ, шаруашылық қызметін жүзеге асыру жағдайларын теңестіру, Одақтың ішкі кеңістігінде ортақ және ашық бәсекелестік орта құру бойынша одан әрі нысаналы жұмыс істеу қажеттігіне назар аударғым келеді. Бұл ретте ЕАЭО-ның ортақ энергетикалық нарықтарын қалыптастырудың нәтижелі аяқталуының түйінді мәні бар.
5. Ағымдағы жағдайларда ішкі нарықты қорғау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Мұндай қызмет ЕАЭО-да шаруашылық жүргізу жағдайларын теңестіру үшін кедендік-тарифтік реттеуді жетілдіруге де, Еуразиялық нарықты қауіпсіз емес өнімдерден толық қорғауға да бағытталуға тиіс.
Озық әлемдік практикаға және ғылыми дәлелді базаға негізделген бірыңғай техникалық талаптарды қабылдауды, ұлттық стандарттарды үндестіруді және мемлекетаралық стандарттарды қолдануға көшуді қамтамасыз ету маңызды.
Импорттық тауарлардың ішкі нарыққа қол жеткізуіне бақыланатын жағдайлар жасау, тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін тиімді қолдануды жалғастыру қажет.
Қалыптасқан экономикалық жағдайларда ЕАЭО-да Одақ елдерінің қолда бар ақпараттық, әдіснамалық және технологиялық платформалары негізінде түйінді тауарларға (мұнай өнімдері, ауыл шаруашылығы өнімдері, орман өнімдері, құрылыс материалдары және басқалар) тауар нарықтары индикаторларының меншікті биржалық жүйесін құру дер кезіндегі жоба бола алады. Биржалық сауданы одан әрі дамыту және тауарларға бәсекелестік бағаны қалыптастыру үшін ынталандырма қажет.
6. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің цифрлық трансформация саласындағы өзара іс-қимылын жандандыру да талап етіледі.
Қазіргі әлемде цифрлық технологиялардың даму деңгейі елдердің бәсекеге қабілеттілігінде айқындаушы рөл атқарады. Маңызды міндеттердің бірі қолданыстағы цифрлық тосқауылдарды жою болады. Жүргізілген жұмыс ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикасы мен цифрлық кеңістігін дамытуда синергетикалық нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігін арттыру үшін Одаққа мүше мемлекеттердің электрондық цифрлық қолтаңбасын өзара тану туралы мәселені түпкілікті реттеу және осы салада цифрлық құралдарды одан әрі ілгерілетуге жәрдемдесу ұсынылады.
Электрондық сауданың белсенді дамуына байланысты мемлекеттің де, электрондық сауда алаңдарының да, сатушылар мен тұтынушылардың да мүдделерін есепке алудың оңтайлы моделін іздеумен бірге маркетплейстердің қызметін Одақта бөлек реттеу қажеттілігі туындайды.
7. Халықаралық ынтымақтастықты оның барлық форматында дамыту, Одақ тауарларын шетелдік нарықтарға ілгерілету үшін қосымша жағдайлар жасау үшін жаңа серпім қажет.
Мүше мемлекеттердің өз жарғылық мақсаттары мен идеологиясы бойынша өңірлік интеграциялық бірлестіктермен өзара іс-қимылы, сондай-ақ ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет институты шеңберінде әріптестікті дамыту Одақтың экономикалық әлеуетін нығайтудың маңызды факторы болып табылады. ЕАЭО, ТМД, ШЫҰ және БРИКС интеграциялық әлеуеттерін ұштастырудың практикалық аспектілеріне, АСЕАН-ға қатысушы мемлекеттермен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға ерекше назар аударылуға тиіс.
ЕАЭО деңгейінде қол қойылған достас елдермен еркін сауда және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімдерді іске асыру, перспективалы әріптестермен келіссөздерді жандандыру жөніндегі жұмысты Одақты Еуразиялық континентте ойдағыдай жұмыс істейтін халықаралық өңірлік ұйым ретінде жайғастырудың түйінді практикалық элементтері деп санаймыз.
8. Интеграцияның экономикалық трегін әлеуметтік және гуманитарлық салалардағы мәселенамамен толықтыруға бағытталған бірлескен жұмыстың да маңызы кем емес.
ЕАЭО-ның одан әрі дамуы Одаққа мүше мемлекеттер азаматтарының әл-ауқатының артуымен тығыз байланысты болуға тиіс екені анық. Осыған байланысты денсаулық сақтау, білім беру, спорт, туризм, мәдениет және басқа да гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық біздің қалтқысыз назарымызда болуға тиіс.
9.Біздің елдерімізден әртүрлі сыңаржақ ресурстарға, агрессивті әрекеттерге қарсы тиімді шаралар қабылдау үшін ақпараттық өзара іс-қимылдың бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейіне көшу талап етіледі. Біздің елдеріміздің дәстүрлі құндылықтарын, халықтардың тарихи және мәдени мұраларын құрметтеу негізінде ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға орай шоғырландырылған тәсілдемені әзірлеу орынды болып көрінеді.
Және біздің ортақ тарихымыздағы ерекше күнді — Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтуге, бейбітшілікті қамтамасыз етуге және бүкіл адамзатқа қауіп төндіретін нацизммен күресуге бағытталған күш-жігерді біріктіруге тиіс екендігіміз сөзсіз.
Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастыққа бір-бірін құрметтеу және құқықтық нормаларды сақтау арқылы ғана дамуға, болашақты құруға, әл-ауқатқа жетуге болатындығын баса көрсеткен маңызды.
Аталған бағыттарды дәйекті іске асыру Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытуға
және елдеріміз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал
ететініне сенімдімін.