Жаңалықтар

11.01.2022 (Обновлено: 12.01.2022 14:28)

Қырғыз Республикасының Президенті С.Н. Жапаровтың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына үндеуі

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық етуді қабылдап алды.

Өткен жылдарда біз ауқымы жағынан теңдесі жоқ жаһандық өзгерістерге, соның ішінде әрбір елдің қоғамдық-экономикалық жағдаятына орасан зор ықпалын тигізе отырып, әлемнің барлық еліне сезінерліктей залал келтірген коронавирус инфекциясы пандемиясына куә болдық.

Сондай-ақ экономикалық тұрақтылық пен қауіпсіздікке тікелей ықпал еткен климаттық өзгерістер мен қоршаған ортаға антропогендік әсерді қоса, аталған мән-жайларға қарамастан, өткен жеті жыл ішінде Еуразиялық экономикалық одақ өзінің өміршеңдігі мен қалыптасып болғандығын дәлелдеді, ал оған қатысушы мемлекеттер Одақтың қағидаттары мен мақсаттарына берілгендікті әлденеше мәрте растады.
Экономикалық тұрақтылықтың қазіргі бар жаһандық және өңірлік сын-тегеуріндер мен қатерлерге, ресурстар нарығындағы құбылмалылыққа тәуелділігі Одақ мемлекеттерінің экономикасына теріс факторлардың ықпалын тежеу үшін келісілген тиімді экономикалық шешімдер қабылдауды және ұзақ мерзімдік сипаттағы пәрменді мехнизмдердің имплементациясын талап етеді.
Біздің интеграциямыздың орнықты дамудың ұзақ мерзімдік қарқынына шығуы мақсатында Қырғыз Республикасы өзі төрағалық еткен жылы мына бағыттарға шоғырлануды ұсынады.
Бәрінен бұрын бұл — Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарында қатталған мақсаттарға қол жеткізу. Осы арнада Одақтың барлық мүше мемлекетінің тығыз ынтымақтастығын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір органының Стратегияны іске асыру жөніндегі жұмысын жалғастыру қажет.

Біздің Шартымыздағы «төрт еркіндік» қағидатын қамтамасыз еткен маңызды. Бұл бағыттағы жұмыс ымырасыз жалғастырылуға тиіс және талғамалы сипатта болмауы керек.
Бізге тосқауылдарды жедел жою және олардың қайтадан пайда болуына қарсы әрекет ету үшін тиімді шаралар мен механизмдерді тұжырымдап, ендіру қажет.
Аталған мәселе бойынша нәтижелерге қол жеткізу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың сот тармағына тиісті мәртебе берілуі керек және Комиссия Алқасына қосымша өкілеттіктер берілгені жөн.
Жаһандық турбуленттілік пен құбылмалылық жағдайында ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, мүше мемлекеттердің экономикасына сыртқы факторлар туындатқан инфляциялық ықпалды түзету үшін өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік салалардағы ынтымақтастықты өсіре түсу қажет.
Осыған байланысты бізге мүше мемлекеттерде өндірістік қуаттарды оқшаулауды, өнеркәсіптік кооперацияны күшейтуді, соның ішінде оларда қоршаған ортаға әсерді азайту және біздің экономикаларымыздың тиімділігін арттыру мақсатында ақпараттық, инновациялық және «жасыл» технологияларды ендіруді көздейтін бірлескен бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу қажет.

Сонымен қатар, кеңістікте дамуды болжау және ең үздік ғылыми-техникалық және инновациялық әзірлемелерді пайдаланып, осы процеске Одаққа мүше мемлекеттердің қаржылық даму институттары мен ғылыми әлеуетін тарта отырып, импорт алмастыру жөніндегі бірлескен жобаларды, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жүйесін әзірлеу қажет.
Бүгінгі таңда Одаққа мүше мемлекеттерде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасы өте-мөте өзекті болып қала береді. Бұл орайда баға күйзелістерін тежеу және ауыл шаруашылығы өндірісінің теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін келісілген агроөнеркәсіптік саясат жүргізу орынды болады.
Бұдан басқа, Одақ ішінде тауар өндірушілердің және тұтынушылардың арасында тікелей іскерлік байланыстарын дамыту, тауар жеткізуші жүйелерді және логистикалық инфрақұрылымды құру бағамен, соның ішінде көпшілік қолды тауарлардың негізгі топтарының бағасымен айла-шарғы жасауды елеулі түрде азайтар еді.
Пандемияға байланысты ағымдағы жағдаят және жекелеген мүше мемлекеттерге сыртқы экономикалық қысым Одақтан мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына нысаналы жәрдемдесу жүйесін қалыптастыру үшін бұдан да қарқынды әрі тығыз өзара іс-қимылды талап етеді.
Мүше мемлекеттердің ұлттық экономикаларын қолдаудың критерийлері мен қағидаттарын және инклюзивті даму мен біздің елдеріміздің экономикалық өсу қарқынын жақындату мақсатында осындай қолдауды қамтамасыз ету құралдарын айқындау қажет. Мұның бәрі Стратегиялық бағыттарда айқындалған мерзімдерде, біздің мемлекеттеріміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдаятқа қысымды азайту үшін іске асырылуға тиіс.

Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясы мүше мемлекеттер аумағында көлік инфрақұрылымын «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарында, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақты Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштастыру шеңберінде құру мен дамытуды өзіне кірістіреді.
Мүше мемлекеттердің және тұтастай бүкіл Одақтың экономикасына оң әсерін тигізетін инфрақұрылымдық жобалардың пулын құруды, сондай-ақ оларды іске асырудың механизмін қаттауды ұсынамыз.

Мысал ретінде «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржолы құрылысы жөніндегі өте-мөте маңызды жобаны ілгерілету және одан әрі іске асыру орынды болып көрінеді.
2022 жылы Одақтың климаттың өзгеруіне орай әрекет етудің және қоршаған ортаны қорғау мен мүше мемлекеттердің әрі тұтастай Одақтың экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, экономикалық өсудің қолайлы жағдайларын жасауды мақсат тұтатын климаттық күн тәртібі шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің тәсілдемелерін жақындатудың үйлестірілген шараларын тұжырымдауға шоғырланғаны орынды.
Еуразиялық экономикалық одақты дамыту Одаққа мүше мемлекеттердің еңбек қызметін жүзеге асыратын азаматтарының игі саламаттығымен ажырағысыз байланысты және олар Одақтың қай мемлекетінде жұмыс істейтініне қарамастан, өмірдің толық мәнді жағдайларына ие болуға тиіс.
Осы жылы бұл орайда жұмысқа орналастыру мемлекетінде мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне жұмысқа орналастыру мемлекетінің азаматтарымен бірдей жағдайдағы медициналық көмекті кірістіретін әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мәселелердің шешілуіне назар аударған маңызды.
Халықаралық қызметті дамыту оның барлық форматында Одақ қызметінің басымдықты бағыты болып табылады.

Бұл тұрғыда Оңтүстік Азияның, Таяу Шығыс пен Үнді-Тынық мұхит өңірінің, Солтүстік Африканың, сондай-ақ Латын Америкасы континентінің елдерін қамтитын жаңа перспективалық нарықтарға шығу мақсатында ынтымақтастықтың диалог форматын да, сол сияқты сауда келісімдеріне қол қою арқылы үшінші елдермен сауда-экономикалық қатынастарды да дамытқан маңызды.
ТМД құқықтық базасы мен ЕАЭО құқығын ұштастыру мәселелері бойынша екі бірлестіктің интеграциялық әлеуетін арттыру мақсатында ЕАЭО мен ТМД-ның жұмыс органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынамын.
Одақты Үлкен Еуразиялық әріптестікті қалыптастыру орталықтарының бірі ретінде жайғастыруды және оған мүше әрбір мемлекеттің ерекшелігін ескере отырып, ынтымақтастық географиясын кеңейту тұтастай Еуразиялық экономикалық одақтың мүддесін қамтуға тиіс екендігіне айқындап назар аударған маңызды.
Комиссияның әлеуетін интеграция идеяларын жүйелі түрде тарату, Еуразиялық интеграция мағыналарының еларалық, ведомствоаралық, салааралық жұмыс істеу мен өзара іс-қимылға институционалдық енуін ынталандыру, Еуразиялық идеологияның жас ұрпақтарымыздың санасын қоса, бұқаралық санаға кең ауқымда таралуы бағытында арттыру қажеттігі пісіп-жетілді.
Осы мақсатта ЕАЭО-ның Жастар форумының негізін қалауды және оны жыл сайын өткізуді ұсынмыз.
2022 жылы Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс істей бастағанына 10 жыл толады. Бұл айтулы оқиға Одақ идеясын таратуға және оны қоғамда барынша тиімді танымал етуге түрткі болуға тиіс.
Осыған байланысты барлық мүше мемлекетте ауқымды ақпараттық кампаниялар мен іс-шаралар өткізу ұсынылады.
Қырғыз Республикасы Одақтың идеяларына, мақсаттары мен қағидаттарына берілгендікті сақтай отырып, мүше мемлекеттер арасындағы тиімді әрі өзара пайдалы ынтымақтастықты іске асыру үшін барлық күш-жігерді жұмсайды.
Біздің бастамаларымыз қолдау табады деген үміттемін, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы мен бірлескен өзара іс-қимылы кезінде Одақтың әлеуетін нығайту және біздің интеграциялық бірлестігімізді одан әрі дамыту үшін белгіленген мақсаттар мен міндеттер іске асырылады деп сенім білдіремін