Еуразиялық экономикалық комиссияның Статистика департаменті 2018-2022 жылдардағы Еуразиялық экономикалық одақ елдері халқының тұрмыс деңгейі туралы статистикалық зерттеуді ұсынды.
2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда ЕАЭО-ның барлық елінде орташа айлық жалақы өсті: Арменияда 15,4% (235,6 мың армян драмы, 541 АҚШ доллары), Беларусьта 13,1% (1,6 мың Беларусь рублі, 623 АҚШ доллары), Қазақстанда 23,7% (309,7 мың теңге, 673 АҚШ доллары), Қырғызстанда 37,3% (26,5 мың сом, 316 АҚШ доллары), Ресейде 14,1% (65,3 мың Ресей рублі, 969 АҚШ доллары) өсті.
Осы кезеңде үй шаруашылықтарының жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысы Беларусьта 14,1% (0,8 мың Беларусь рублі, 290 АҚШ доллары), Қазақстанда 16,3% (80,4 мың теңге, 175 АҚШ доллары), Қырғызстанда 19,6% (7,9 мың сом, 94 АҚШ доллары), Ресейде 11,7% (38 мың Ресей рубль, 563 АҚШ доллары) өсті; Арменияда 2,7% (74 мың армян драмы, 170 АҚШ доллары) төмендеді.
Кедейлік деңгейі Арменияда 1,7 пайыздық пункт, Беларусьта 0,2 пайыздық пункт, Қырғызстанда 0,1 пайыздық пункт, Ресейде 1,2 пайыздық пункт төмендеді, ал Қазақстанда өзгеріссіз қалды.
2022 жылы жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс шамасы айына Қырғызстандағы 7,3 мың сомнан (86 АҚШ доллары) Ресейдегі 13,9 мың Ресей рубліне (198 АҚШ доллары) дейін құрады.
Үй шаруашылықтары шығыстарының құрылымында мейлінше көп үлесті тамақ өнімдері: Ресейдегі 32,9%- дан Қазақстандағы 51,2%-ға дейін құрады. Көлікке, ақпаратқа және байланысқа Армениядағы 2,9%-дан Ресейдегі 18,7%-ға дейін үлес тиді. Шығыстар құрылымындағы тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мен отынның үлесі Қазақстандағы 7,3%- дан Армениядағы 19,9%-ға дейін құрады. Азаматтар денсаулық сақтау мен білім беруге өз табысының Қазақстандағы 4,3%-дан Армения мен Беларуссиядағы 7,8%-ға дейін жұмсады.
Адами даму индексі бойынша әлемнің 193 елі арасында Ресей 56-орынды, Қазақстан 67-орынды, Беларусь 69-орынды, Армения 76-орынды, Қырғызстан 117-орынды иеленді.
Жинақта сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, халықты әлеуметтік-экономикалық саралау, қалалық және ауылдық үй шаруашылықтарының кірістері мен шығыстары, сондай-ақ азық-түлік сатып алу қабілеті мен тұтынуы туралы ақпарат қамтылған.
Толығырақ статистикалық ақпарат ЕЭК Статистика департаменті бетіндегі «Халықтың тұрмыс деңгейі» бөлімінде берілген.
Анықтама
Адами даму индексі (АДИ) ұзақ және саламатты өмір сүру, білім алу және лайықты өмір сүру деңгейіне жету қабілетін сипаттайтын интегралды көрсеткіш болып табылады. АДИ 1990 жылдан бастап БҰҰ Даму бағдарламасымен есептеледі.