ЕАЭО-ның экономикалық дамытудың 2035 жылға дейінгі негізгі бағыттарын Үкімет басшыларына ұсыну жоспарлануда

Ресейдің Экономикалық даму министрі Максим Решетниковтің төрағалық етуімен өткен кеңесте ЕАЭО елдері экономикалық ведомстволарының басшылары Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерін экономикалық дамытудың 2035 жылға дейінгі негізгі бағыттарын дайындауды талқылады. Кездесу Еуразиялық экономикалық комиссияның қатысуымен 3 ақпанда Алматыда (Қазақстан Республикасы) Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында өтті.
Максим Решетников атап өткендей, 2022 жылы ЕАЭО мемлекеттері тап болған сын-қатерлерге қарамастан, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің елеулі құлдырауынан құтыла алды. Ол Ресейдің төрағалық етуінің негізгі басымдықтарына және оларды іске асыру механизмдеріне тоқталды.

ЕАЭО мемлекеттерін экономикалық дамытудың 2035 жылға дейінгі негізгі бағыттарын әзірлеуге және мазмұнына орайлас тәсілдемелерді талқылау түйінді мәселе болды.

ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьевтің сөзінше, бұл стратегиялық жоспарлау құжаты ЕАЭО мемлекеттерінің барлығына ортақ ұзақ мерзімді экономикалық дамудың перспективалық бағыттарын олардың бәсекелестік артықшылығы мен ғылым-техникалық әлеуетінің интеграциясына негіздей отырып айқындайды. Құжатты қабылдау мемлекеттерге интеграциядан қосымша экономикалық нәтиже алуға мүмкіндік береді.
Кездесуге қатысушылар жобаны мазмұндық толықтыруға орайлас тәсілдемелерді талқылады. Құжатты 2023 жылғы мамырда ЕАЭО Премьер-министрлеріне ұсыну бағамдалып отыр.
Анықтама 

Кеңеске Армения Республикасының Экономика министрі Ваган Керобян, Беларусь Республикасы Экономика министрінің орынбасары Алеся Абраменко, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров, Қырғыз Республикасы Экономика және коммерция министрі Данияр Амангельдиев, Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрі Максим Решетников және Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрінің орынбасары Дмитрий Вольвач, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев қатысты.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Экономика министрліктері басшыларының кеңесі Одақтың экономикалық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ЕЭК өкілдерінің қатысуымен 2019 жылдан бері өткізіліп келеді.


ЕЭК Протокол және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі