Минскіде ЕАЭО-дағы стандарттауды дамытудың перспективалары талқыланды
16.10.2025
Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті директорының орынбасары Максим Ким Минскіде өткен Дүниежүзілік стандарттау күніне арналған конференцияда техникалық реттеу саласындағы міндетті талаптардың бірыңғай базасын қалыптастыру мен жетілдіру, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақта стандарттауды дамыту перспективалары туралы айтып берді.

ЕЭК өкілі Еуразиялық экономикалық комиссияның осы бағыттар бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы хабардар етті.

"Техникалық регламенттерді әзірлеу және қабылдау механизмі, оларды қолдануды ұйымдастыру, оларды бағалау және бақылау үшін база құру, дайындаушыдан тұтынушыға дейін тиімді өзара іс-қимыл орнату – осының бәрі Одақ құқығында регламенттелген. Қазірдің өзінде Одақтың 52 техникалық регламенті әзірленіп, қабылданды, оның 48-і күшіне енді", — деп атап өтті Максим Ким.

Техникалық реттеу жүйесіндегі стандарттау жайы ерекшелеп айтылды. Өнімнің қауіпсіздігін, сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы, сондай-ақ саудадағы техникалық тосқауылдарды жоюдағы оның түйінді рөлі атап өтілді.

"9 мыңға жуық озық мемлекетаралық және ұлттық стандарт ЕАЭО-ның дәлелдемелік базасына кірістірілді, сондай-ақ стандарттар тізбесіне кірістірілген әдістемелерді қолдануды қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс жүргізілді", — деді ЕЭК өкілі.
"Өткеннің дәстүрін сақтай отырып — болашақты жасаймыз" тақырыбына арналған конференция мемлекеттік стандарттаудың құрылуының 100 жылдығына орайластырылған. Ол 2025 жылғы 14 қазанда Минск қаласындағы Белорус мемлекеттік стандарттау және сертификаттау институтында өтті. Оның ұйымдастырушысы — Беларусь Республикасының Мемлекеттік стандарттау комитеті.