Жаңалықтар

28.03.2022 (Обновлено: 08.04.2022 10:08)

Темирбек Асанбеков пен Қырғызстанның Көлік және коммуникациялар министрі Эркинбек Осоев ЕАЭО-ның көлік әлеуетін іске асыру перспективаларын талқылады

24-25 наурызда ЕЭК делегациясының Қырғызстанға сапары шеңберінде болып өткен кездесуде ЕЭК министрі Темирбек Асанбеков пен Қырғыз Республикасы Көлік және коммуникациялар министрі Эркинбек Осоев ЕАЭО-ның транзиттік және логистикалық әлеуетін іске асыру мәселелерін талқылады.

ЕЭК министрі «ағымдағы уақыттың шындығы Еуразиялық интеграцияның өзекті мәселелерін жан-жақты талқылаудың маңыздылығын арттырады» деп атап өтті. Тараптар 26-27 мамырда Бішкекте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшылары кеңесінің отырыстарымен бір мезгілде өткізу жоспарланып отырған Еуразиялық экономикалық форум шеңберінде көлік саласындағы панельдік сессияны өткізуді келісті.
Сессия ЕАЭО-ның көлік саясатын іске асыруға, оның Еуразиялық байланыстар мен ұтқырлықты дамыту жөніндегі түйінді мақсаттары мен басымдықты міндеттеріне арналады. «Сессия қорытындысы бойынша көлік ведомстволары басшыларының қарарын қабылдау жоспарлануда. Бұл халықаралық ұйымдардың күш-жігеріне қосылу ниетіміздің және көлік, тасымалдау мен логистиканы жаһандық форматта дамыту жөніндегі мәлімделген бастамаларымыздың дәлелі болады», — деп қорытындылады ЕЭК министрі.

 Осыған байланысты Темирбек Асанбеков Қырғызстанның Көлік және коммуникациялар министрі Эркинбек Осоевты алда тұрған іс-шараларға қатысуға шақырды. Қырғыздық әріптес өзінің қатысатынын растады.

 Кездесуге қатысушылар ЕАЭО елдерінің көлік кешендерін дамытуға тікелей әсер ететін мәселелерге: Еуразиялық көлік дәліздерін дамытуға, әуе қатынасын кеңейтуге, каботаждық автомобиль жүк тасымалдарына, транзит көлемін ұлғайту үшін жағдайлар жасауға, атап айтқанда, автомобиль және теміржол көлігімен тасымалдау кезінде навигациялық пломбаларды қолдануға, электрондық құжаттарды қолдануға көшуге, шекаралардан өту мәселелеріне жеке назар аударды.

 Кездесуге ЕЭК Көлік және инфрақұрылым департаментінің директоры Дәурен Сәбитов те қатысып, қырғыз тарапының өкілдерін департаменттің жұмысы, салалық жұмыстың жетістіктері мен перспективалары туралы хабардар етті.

 

ЕЭК Хаттама және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі