7 тамызда Шолпан-Ата қаласында (Қырғыз Республикасы) өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың бір мемлекетінің брокерлері мен дилерлерін басқа мүше мемлекеттердің биржаларындағы (сауда-саттықты ұйымдастырушылардағы) ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатыстыру туралы келісімге қол қойды. Осылайша, ЕАЭО-да ортақ биржалық кеңістікті қалыптастыру жолында маңызды қадам жасалды.
Келісім Одақ елдерінің уәкілетті органдары берген брокерлер мен дилерлердің лицензияларын өзара тануға, бағалы қағаздар мен туынды қаржы құралдарын сатып алу-сату шарттарын жасасу үшін брокерлер мен дилерлердің биржалық сауда-саттыққа қатысуына тікелей қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған. ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттің брокерлері мен дилерлерінің басқа мүше мемлекеттің биржасында ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатысуына тең шарттарда рұқсат беріледі.
Биржалық сауда-саттыққа қатысуға рұқсат алған кезде брокерлер мен дилерлер өтінімдер беру, сауда-саттыққа техникалық қолжетімділік алу, мәмілелер жасасу, клирингке қатысу, сондай-ақ Одақ мемлекеттерінің депозитарийлерінде тиісті шоттар ашу мүмкіндігіне ие болады. ЕАЭО-ның басқа мүше мемлекеттерінің брокерлері мен дилерлеріне биржадағы ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатысуға рұқсат қашықтан қол жеткізу арқылы берілуі мүмкін."Брокерлер мен дилерлер қор нарығы тетігінің маңызды элементтері болып табылады. Егер брокерлер инвесторларға қор нарығына кіруге және бағалы қағаздармен мәмілелерді басқаруға көмектессе, онда дилерлер өз кезегінде өтімділікті, бағаның тұрақтылығын және құбылмалылықтың төмендеуін қамтамасыз ететін биржалық саудаға белсенді қатысады. Осылайша, брокерлер мен дилерлер бағалы қағаздар нарығының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ете отырып, бір-бірін өзара толықтырады", – деп келісімге қол қойылуын түсіндірді ЕЭК экономика және қаржы саясаты министрі Бақыт Сұлтанов.
ЕЭК министрі атап өткендей, Келісімді іске асыру биржаларға қосымша өтімділік тартуға, эмитенттерді қаржыландыру көлемін ұлғайтуға, мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда
және инвестициялық ынтымақтастықты едәуір кеңейтуге және Одақ мемлекеттерінің қаржы нарықтарының дамуын ынталандыруға мүмкіндік береді.
"Брокерлер мен дилерлерді ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатыстыру туралы келісім және бұған дейін қол қойылған бағалы қағаздарды орналастыру мен олардың айналысына трансшекаралық қол жеткізу туралы келісім ЕАЭО аясында ортақ биржалық кеңістікті қалыптастыру үшін берік құқықтық негіз қалайды", – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.