ЕЭК бейінді Консультативтік комитеті автомобиль жолдарының, ойыншықтардың, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздігі, шұғыл фитосанитариялық шараларды енгізу мәселелерін қарады

Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренконың төрағалығымен өткен Техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану жөніндегі Консультативтік комитеттің отырысында Кеден одағының «Автомобиль жолдарының қауіпсіздігі» техникалық регламентіне енгізілетін өзгерістердің жобасы жария талқылауға жіберу үшін мақұлданды. Бұдан басқа, Консультативтік комитет ЕЭК Алқасы қарастыратын Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техрегламентіне енгізілген өзгерістер жобасының редакциясын қолдады.

Сондай-ақ, ЕЭК Алқасының отырысында қарастыру үшін «Жеңіл өнеркәсіп өнімінің қауіпсіздігі туралы» техрегламенттің стандарттар тізбесіне енгізілетін өзгерістер және «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» техрегламенттің мемлекетаралық стандарттарын әзірлеу бағдарламасының өзекті редакциясы мақұлданды.

Консультативтік комитет ЕЭК Алқасының отырысында қарастыру үшін шұғыл фитосанитарлық шараларды енгізу мәселелері бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара қарым-қатынас тәртібін және ЕАЭО кедендік шекарасында және Одақтың кедендік аумағында ветеринарлық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асырудың бірыңғай тәртібі туралы ережеге енгізілетін өзгерістер жобасын жіберуді ұсынды.

Консультативтік комитет отырысының қорытындысы бойынша Комиссия Алқасының отырысында әйелдердің жеке гигиенасы құралдарына қойылатын талаптарды толықтыру бөлігінде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімге (тауарларға) қойылатын бірыңғай санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға енгізілетін өзгерістер жобасын қарау туралы шешім қабылданды.

Одақтың мүше мемлекеттерінің уәкілетті органдарының ұсыныстары бойынша Консультативтік комитет карантиндік фитосанитарлық шаралар жөніндегі кіші комитеттің және «Фитосанитарлық шаралар» бағыты бойынша жұмыс тобының өзекті құрамдарын бекітті.