Жаңалықтар

10.05.2023 (Обновлено: 11.05.2023 17:30)

ЕЭФ-2023-те ЕАЭО, ШЫҰ және БРИКС бірлестіктерінің өзара қарым-қатынасын дамыту талқыланады

24-25 мамырда Мәскеуде өтетін II Еуразиялық экономикалық форумның іскерлік бағдарламасы аясында «ЕАЭО – ШЫҰ – БРИКС: ашық интеграциялық диалог» сессиясының қатысушылары мемлекетаралық бірлестіктердің кең әріптестік желісін құруды және жаһандық экономикалық архитектураны қайта форматтау жағдайында ел одақтары арасындағы ынтымақтастықты дамытуды талқылайды. Форум операторы – Росконгресс Қоры.

Пікірталасқа қатысушылар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, үлкен Еуразияда көліктік-логистикалық мегажобаны іске асыру нәтижесінде ЕАЭО елдерінің нәтижелерін, валюталық-қаржылық ынтымақтастықтың болашағын және қазіргі жағдайда осы интеграциялық бірлестік елдерінің өзара саудасындағы есептеулердің жаңа нысандарына көшуді, сондай-ақ әлемдегі жалпы экономикалық жағдайды тұрақтандырудағы бірлестіктердің өзара іс-әрекетінің рөлін талқылайтын болады.

Сессияға Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, БРИКС-тегі Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Ани Суклал, басқа да беделді сарапшылар қатысады деп күтілуде. Пікірталас модераторы – Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов.

«Интеграциялық форматтар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту ұлттық экономиканың өсуіне ықпал етіп қана қоймай, жаһандық нарықтың қызметіндегі жаңа тәсілдердің қалыптасуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Үлкен Еуразия кеңістігінің бірегей сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық артықшылықтары бар, ал БРИКС елдерінің адами әлеуеті мен ресурстары осы ынтымақтастықтың әсерін бірнеше есе күшейте алады. Пікірсайыс барысында сарапшылар ЕАЭО, ШЫҰ және БРИКС мемлекеттерінің бірлескен мүмкіндіктерін іс жүзінде пайдалануды таба алатынына және мемлекетаралық бірлестіктердің өзара қарым-қатынасын дамытудың нақты жолдарын, ең алдымен осы елдердің халқының игілігі үшін ұсына алатынына сенімдімін», — деді Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович.

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) Шанхай ынтымақтастық ұйымымен (ШЫҰ) диалог жүргізу үшін инфрақұрылымды жоспарлы түрде құрады: әлемдік ЖІӨ-нің 30%-дан астамы осы бірлестіктің мемлекеттеріне тиесілі. Сонымен бірге БРИКС-тің қатысуымен неғұрлым кең интеграциялық контурды ілгерілету үшін мүмкіндіктер де ашылады: төлем жүйелерін біріктіру, елдер арасындағы өзара есеп айырысуларда ұлттық валюталарды пайдалану, инновацияларды дамытуға жәрдемдесу және сауданы, кедендік әкімшілендіруді реттеудің үздік тәжірибелерімен алмасу, сондай-ақ көлік-логистика және энергетика салаларындағы мәселелер ерекше өзекті болып табылады.

II Еуразиялық экономикалық форум және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы Ресей Федерациясының 2023 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етуі аясында өткізіледі. Форумның мақсаты еуразиялық кеңістіктегі кооперациялық байланыстарды жетілдіру болып табылады. ЕЭФ-2023 оқиғалары «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» ұранымен өтеді. Жалпы алғанда, аталған іс-шара аясында 35-ке жуық іскерлік сессия өтеді. Сессиялар жеті тақырыптық бағытқа бөлінетін болады, олардың ішінде «Адами капитал», «Технологиялар және кооперация», «Өзгермелі әлемдегі ЕАЭО», «Еуразиялық түйісу», сондай-ақ «ЕАЭО ішкі нарығы, кедендік ынтымақтастық, бәсекелестік және мемлекеттік сатып алу» да бар. «Стратегиялық блок» аясында ЕАЭО-тың 2030+ Стратегиясы талқыланбақ.

Бұдан басқа, Еуразиялық экономикалық форумның «алаңдарында» Еуразиядағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға арналған «Жасыл Еуразия» Халықаралық климаттық конкурсы, Стратегиялық бастамалар агенттігінің іскерлік таңғы асы және «Еуразия өңірлері» дөңгелек үстелі өтеді. Сонымен қатар ЕАЭО-ның Индонезиямен және Латын Америкасы елдерімен ынтымақтастығына арналған бизнес-диалогтар өтеді.

Егжей-тегжейлі іскерлік бағдарлама – форумның ресми сайтында.