ЕАЭО елдерінің көлік ведомстволарының басшылары алдағы үш жылға арналған ынтымақтастықты талқылады

Армения Республикасының төрағалығымен Ереван қаласында өткен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшылары Кеңесінің 7-ші отырысында көлік саясаты мен инфрақұрылымдық дамудың негізгі аспектілері қаралды.

Отырыста 2021-2023 жылдар кезеңінде көлік саясатының негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі жол картасының жекелеген іс-шараларын орындау нәтижелері талқыланды. Басшылар кеңесі азаматтық авиация саласындағы Одақтың нормативтік базасын дайындау және еуразиялық көлік дәліздері бойынша халықаралық автотасымалдауларды жүзеге асыру кезінде арнайы рұқсаттарды ресімдеу және беру рәсімдерін үйлестіру жөніндегі тұжырымдамалық тәсілдерге қатысты тиісті шешімдер қабылдады.

Сондай-ақ, ЕЭК энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Қожошев 2024-2026 жылдарға арналған жол картасының жобасын дайындау туралы айтып, осы құжаттың жекелеген тармақтарын келісуді ұсынды. «Біз құжаттың келісілмеген тармақтары бойынша консенсусқа қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Оны Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысында бекіту өте маңызды», — деп атап өтті Арзыбек Қожошев.

Тараптар Одаққа мүше мемлекеттерде контейнерлік тасымалдарды дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын әзірлеу, ғылым мен білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шараларды жол картасына енгізуге уағдаласты. Одақ шеңберінде әуе көлігі қызметтерінің ортақ нарығын құру және оның қызметі мәселелері бойынша сақталып отырған келіспеушіліктерді қарау үшін 2024 жылғы маусымның екінші жартысында жоғары деңгейдегі кеңес өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, Басшылар кеңесі Еуразиялық көлік дәліздерін басқару тетігі мен моделі бойынша маңызды шешімдер қабылдады. Басшылар кеңесінің бастығы, ЕЭК энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Қожошевтің Комиссияның «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі туралы келісім және ТМД халықаралық көлік дәліздерін келісе отырып дамыту туралы келісім бойынша жұмыс істейтін үйлестіру органдарының жұмысына қатысуы жөніндегі бастамасы қолдау тапты.

ЕАЭО-да навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді іске асыруға қатысты Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясының тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты навигациялық пломбаларды қолдану бойынша эксперимент жүргізу тәжірибесі назарға алынды.

Басшылар кеңесінің шақыруы бойынша отырысқа Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары Ярослав Мандрон қатысты. Ол ЕАЭО елдеріндегі көлік жобаларын қаржыландыру бойынша ЕАДБ жұмысы туралы хабардар етті.

Басшылар кеңесі Кеме қатынасы туралы келісім бойынша одан әрі жұмыстың тұжырымдамалық тәсілдерін талқылады және Ресей Федерациясының көлік министрлігінің Ресейдің ішкі су жолдары арқылы кемелердің өтуіне рұқсат беру туралы шешім қабылдау тәртібін жеңілдету туралы ақпаратын назарға алды.

Бұдан басқа, ЕАЭО көлік ведомстволарының өкілдері ЕАЭО сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды ақпараттық қамтамасыз ету жөніндегі жобаның іске асырылу барысымен танысты. Сонымен қатар 2023 жылы авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар тобының және ұшу қауіпсіздігі жөніндегі сараптамалық топтың жұмысы, олардың 2024 жылға арналған міндеттері туралы есеп берілді. Екі топ салалық тәжірибе алмасуға және ұсыныстар жасауға арналған арнайы алаң ретінде Басшылар кеңесінің жанынан құрылған.

«Біз бетпе-бет кездесу арқылы жұмысымыздың зор маңыздылығын көріп отырмыз. Бұл жүргізілетін келіссөздер процесінің, соның ішінде «осында және дәл осы сәтте» даулы мәселелерді келісіп алу тиімділігін арттырады. Сайып келгенде, бұл шешім қабылдау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Арзыбек Қожошев.

Кезекті отырыста Басшылар кеңесі өзара іс-қимылдың өзекті бағыттарын қарастыратын болады. Басшылар кеңесінің мүшелері ұсыныстарды ЕЭК-ке 31 тамызға дейін жіберуі тиіс.

Отырыс соңында қатысушылар Арменияның Аумақтық даму және инфрақұрылым министрлігінің басшылығына жылы қабылдағаны және іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыстарын білдірді.