Еуразиялық экономикалық комиссияда "Навигациялық пломбалар – Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ашық және қауіпсіз саудасын дамыту құралы" конференциясы болып өтті.
ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов іс-шараға қатысушыларды 2026 жылғы 11 ақпаннан бастап навигациялық пломбалардың көмегімен тасымалдарды қадағалап отыруды қолданудың басталатыны туралы хабардар етті.
"Навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, көптен күткен қадағалап отыру механизмі – технологиялық жаңалық қана емес, сонымен қатар ЕАЭО интеграциясы мен дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын логистикалық процестердің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырудың пәрменді құралы. Таяу уақыттың міндеті – тауарлардың заңды айналымын қамтамасыз ету кезінде Одақтың кедендік аумағы бойынша тасымалданатын тауарларға қатысты кедендік және өзге де мемлекеттік бақылау түрлерінің қолданылуын барынша азайтуға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық орта құру", – деп атап өтті Руслан Давыдов.ЕЭК министрі ЕАЭО-да навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім тауарлардың санаттары мен пайдаланылатын көлік түрлерін ескере отырып, қадағалап отыру механизмін біртіндеп енгізуді көздейтінін айтты. Пломбаларды практикаға ендіру үш кезеңде өтеді және 1,5 жылға созылады.
Бірінші кезеңде навигациялық пломбалар тауарлардың бірнеше тобына қатысты қолданылатын болады. Олардың ішінде, біріншіден, транзиттің, экспорттың кедендік рәсімдеріне сәйкес тасымалданатын, сондай-ақ өзара сауда шеңберінде мүше мемлекеттер арасында өткізілетін санкциялық және акцизделетін тауарлардың жекелеген түрі, соның ішінде алкоголь мен темекі бар. Екіншіден, кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес автомобиль көлігімен тасымалданатын киім, аяқ киім, техника. Үшіншіден, экспорттың кедендік рәсіміне сәйкес автомобиль көлігімен тасымалданатын және ЕАЭО кедендік аумағынан әкетілетін құрамында никотин бар өнім, никотин шикізаты.
Конференцияға ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдарының, бизнесінің, кеден және көлік-логистика саласының 150-ден астам өкілі қатысты.