Руслан Давыдов: "Кедендік реттеу ЕАЭО аясында сыртқы сауданы дамыту мен көлік-логистикалық тізбектерді қалыптастырудың негізгі факторларының бірі болып табылады"
01.11.2025
Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов Мәскеуде өткен "Еуразиялық интеграция өлшемдері: көлік және логистика, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі" атты II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысына қатысты.

Руслан Давыдов өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің сыртқы саудасын дамытудағы кеден қызметінің рөліне тоқталып, жаңа геосаяси жағдайдағы логистика саласындағы өзгерістер туралы айтты. Ол кедендік әкімшілендірудің Солтүстік–Оңтүстік және Шығыс–Батыс бағыттары бойынша жаңа халықаралық көлік-логистикалық дәліздерді қалыптастыру мен дамытудағы негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл тетік ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік елдерімен тауар айналымын арттыруға ықпал ететін тиімді құрал екенін айтты.

ЕЭК Министрі сонымен қатар Еуразиялық экономикалық комиссияның кедендік реттеуді жетілдіру, бизнес өкілдері мен азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүргізіп жатқан жұмыстары туралы да ақпарат берді.

Руслан Давыдов ЕАЭО аумағында жүк тасымалын бақылау мақсатында 2026 жылғы 11 ақпаннан бастап электрондық навигациялық пломбаларды қолдану жоспарланып отырғанын жариялады. Озық технологияларды қолдану – еуразиялық интеграциядағы маңызды кезең. Бұл Одақты жаңа технологиялық деңгейге көтеріп, сауданың жеделдеуіне және бақылау рәсімдерінің жеңілдетілуіне ықпал етеді.

"Еуразиялық интеграция өлшемдері: көлік және логистика, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі" атты II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Жаһандық Шығыс пен Жаһандық Оңтүстік елдерінің дипломатиялық миссияларының өкілдері, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың және іскерлік қауымдастықтың өкілдері қатысты.