Руслан Давыдов: "Цифрлық кедендік құралдар балаларға арналған тауарларды заңсыз әкелуден қорғауға қабілетті"
08.10.2025

Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов Минскіде өткен "Антиконтрафакт-2025" халықаралық форумының тақырыптық сессиясында ЕАЭО кеңістігінде қазірдің өзінде қолданылып жүрген және балаларға арналған тауарларды заңсыз әкелуге қарсы перспективалық шаралар ретінде қарастырылатын цифрлық құралдар туралы айтты.


ЕЭК кеден блогының басшысы цифрландырудың үш негізгі құралын: навигациялық пломбаларды, тауарларды цифрлық таңбалауды және тауарлардың Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілуі кезінде де, Одақ ішінде де электрондық құжат айналымы болуын атап көрсетті.

Руслан Давыдовтың сөзінше, цифрлық таңбалау қазірдің өзінде ЕАЭО елдерінде кеңінен қолданылады. Түрлі тауар топтарын таңбалаумен қамту деңгейі мемлекеттер бойынша әртүрлі болуы мүмкін, алайда жұмыс жүргізілуде және бұл белгілі бір тауар бірлігі айналымының заңдылығын қадағалап отыруға мүмкіндік береді.

ЕЭК министрі навигациялық пломбалар "бестікте" 2026 жылғы ақпаннан қолданыла бастайтынын еске салды – тиісті шешімді Комиссия Алқасы қабылдады. Тауарларды тасымалдау кезінде электрондық құжаттарды ендіру цифрлық экожүйені қалыптастырудағы және тауарларды әкелу мен олардың айналымының ашықтығын жақсарту жөніндегі бұдан арғы жұмыстағы қисынды қадам болып табылады.

"Келешекте бұл құралдарды ендіру тауарлардың қозғалысы туралы үлкен деректерді қалыптастыруға мүмкіндік береді, оларды тек кеден органдары ғана емес, сонымен қатар басқа да мүдделі бақылаушы құрылымдар талдайтын болады, бұл күмәнді және қауіпті жеткізілімдерді, соның ішінде балалар тауарларын анықтауға көмектеседі", — деп атап өтті Руслан Давыдов. 

ЕЭК министрі өз сөзін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларының тапсырмасы бойынша Комиссия ЕАЭО-ға тауарлар әкелуді декларациялауға мониторинг және талдау жүргізеді әрі бұл талдаудың нәтижелері заңсыз өнімді әкелуге қарсы күресте пайдалы болып шықты деп толықтырды.

"Осы жылғы шілде айында Комиссия Алқасы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге арнап кедендік декларацияның 31-графасының толтырылуын тексеруге бағытталған қосымша шаралар қабылдау туралы ұсыным қабылдады — бұл арада сөз импортталатын киім мен аяқ киім сипаттамасының толықтығы туралы болып отыр. Егер декларацияда артикул, модель, өндіруші және сауда маркасы көрсетілмесе, әкелудің заңдылығын бақылау әлдеқайда қиын болатынын түсінеміз", – деп түйіндеді Руслан Давыдов. 

Ол сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше барлық елдің мемлекеттік органдарының контрафактіге және жалған өнімге қарсы күрестегі күш-жігерді қадамдастыру бойынша белсенді бірлескен жұмысының қажеттігін атап көрсетті.