Руслан Давыдов: "ЕАЭО Кеден кодексіне темекі өнімінің жалған транзитіне қарсы күреске бағытталған түзетулер енгізу жоспарлануда"
07.10.2025

ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов Минскіде өткен "Антиконтрафакт-2025" форумындағы құрамында никотин бар өнімдер нарығына арналған сессияда Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде темекі өнімінің жалған транзитіне және жалған экспортына қарсы күрес жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссия қабылдайтын шаралар туралы айтты.

ЕЭК министрінің сөзінше, Кеден кодексіне тиісті түзетулер дайындалды және олар жоғары дайындық дәрежесінде.

Руслан Давыдов пікірсайысқа қатысушыларды ЕАЭО-да 2026 жылғы 11 ақпаннан бастап күшіне енетін навигациялық пломбаларды қолдана отырып тасымалдарды қадағалап отыру механизмін енгізу туралы хабардар етті.

"Темекі өнімдерінің заңсыз әкелінуі мен айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың маңызды бөлігі – Комиссия алаңында бейінді жұмыс тобының жұмыс істеуі. Ол өткен жылы бизнестің бастамасы бойынша құрылды, оның негізгі міндеті ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы заңсыз темекі және құрамында никотин бар өнімдерді астыртын өткізудің жолын кесу мәселелері бойынша келісілген ұсыныстар әзірлеу болып табылады", - деп атап көрсетті ЕЭК кеден блогының басшысы.

Сессияға сондай-ақ цифрлық таңбалау операторлары, темекі өнімдерін өндірушілер, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдарының және Беларусь пен Қазақстанның бейінді қауымдастықтары мен коммерциялық емес ұйымдарының өкілдері қатысты.

Контрафактілік және бұрмаланған өнімдерді әкелуге қарсы әрекет етуге елеулі үлес қосқаны үшін "Антиконтрафакт" халықаралық қауымдастығының шешімімен Руслан Давыдов "Контрафактіге қарсы күреске сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісімен марапатталды.