Рустан Дженалинов: "ЕАЭО-да электрондық көлік жүкқұжаттарын қолдану бойынша эксперимент жүргізу үшін технологиялық құжаттардың барлық пакеті жасалды"
22.09.2025
ЕАЭО-да е-CMR электрондық халықаралық көлік жүкқұжаттарын қолдану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру шарттарын "бестік" елдерінің өкілдері 22 қыркүйекте ЕЭК көлік және инфрақұрылым департаментінің директоры Рустан Дженалиновтың төрағалығымен өткен бейінді жұмыс тобының отырысында талқылады.

Цифрлық технологияларға көшу саладағы шығындарды азайтады және халықаралық жүк тасымалымен айналысатын бизнестің тиімділігін арттырады. Тәжірибе ЕАЭО-ның барлық бес елі үшін "қағазсыз" жүк тасымалын жүзеге асырудың практикалық мүмкіндігін көрсетуі тиіс. Оның негізінде Ресей мен Беларусь арасындағы осындай пилоттық жоба барысында алынған тәжірибе жатыр.

Кездесу барысында халықаралық көлік жүкқұжатының негізгі форматы ретінде БҰҰ СЕФАКТ D22A (UN/CEFACT – D22A) стандартына негізделген e-CMR-ды қолдану туралы келісімге қол жеткізілді. Аталған формат 2021-2023 жылдары Ресей мен Беларусь арасындағы пилоттық жоба аясында қолданылды.

Жұмыс тобы жүк тасымалына қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылдың төрт негізгі сценарийін келісіп бекітті. Бірінші сценарийде жүк жөнелтуші мен тасымалдаушы А елінде, ал жүк алушы В елінде орналасқан. Екінші сценарийде жүк жөнелтуші А елінде, ал тасымалдаушы мен жүк алушы В елінде орналасқан. Үшінші сценарийде жүк жөнелтуші мен тасымалдаушы А елінде, транзит В мемлекеті арқылы өтеді, ал жүк алушы С елінде орналасқан. Соңғы сценарийде жүк жөнелтуші А елінде, транзит В мемлекеті арқылы өтеді, ал тасымалдаушы мен жүк алушы С елінде орналасқан. Алдағы уақытта сценарийлер тізімі кеңеюі мүмкін.

Жобаның маңызды бөлігі – электрондық құжат айналымы операторлары мен сенімді үшінші тарап арасындағы ақпарат алмасу. Атап айтқанда, бұл Одақ елдерінде шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаны тану тәсілі және тараптар айқындаған трансшекаралық құжат айналымы кезіндегі ақпараттық өзара іс-қимыл тәртібі.

"Бүгін біз пилоттық жоба аясында халықаралық көлік жүкқұжаттарын сәтті енгізу үшін қажетті барлық технологиялық құжаттарды әзірледік. e-CMR-ды енгізу бойынша нақты мәселелерді шешу арқылы біз тек тасымалдаушылардың қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, ЕАЭО елдері арасындағы цифрлық теңсіздік шекараларын да жоямыз", – деп түйіндеді Рустан Дженалинов.

Экспериментті жүзеге асыру үшін халықаралық сарапшылар тобының үйлесімді жұмысы қажет болады. Бұл жұмыс ЕАЭО елдерінің өкілдерімен тығыз ынтымақтастықта жүргізіледі, оған көлік, цифрландыру, салық және кеден реттеуі саласындағы уәкілетті органдар, салалық бірлестіктер, ғылыми ұйымдар мен бизнес-қоғамдастықтар қатысады.

Жұмыс тобының кезекті отырысын 2025 жылдың желтоқсан айында өткізу жоспарланып отыр.

e-CMR – бұл Халықаралық конвенция (ЖТШК) талаптарына сәйкес жүк жөнелтуші, тасымалдаушы және жүк алушы арасындағы үшжақты шартты растайтын электрондық халықаралық көлік жүкқұжаты.

Пилоттық жоба әртүрлі мемлекеттердің субъектілері арасында заңды күші бар электрондық құжаттармен трансшекаралық алмасу технологиясын, соның ішінде цифрлық қолтаңба мен "сенімді үшінші тарап" механизмдерін пайдалану тәжірибесін қамтамасыз етеді.

Эксперимент көлік құжаттарын жедел алуға және тексеруге, көлік-логистикалық және бақылау-қадағалау рәсімдерін жүзеге асыру кезінде шығындарды азайтуға ықпал етеді.




Скачать исходники фотографий