Сергей Шкляев: "ЕАЭО-ның бірыңғай кедендік транзит жүйесі туралы келісімнің күшіне ену процесі соңғы кезеңге жетті"

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 маусымда Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптардың бірыңғай кедендік транзит жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойып, бұл ішкі мемлекеттік рәсімдердің аяқталу кезеңін айқындады. Бұрын құжатты Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы бектікен болатын.

Келісімнің күшіне енуі қарсаңында Еуразиялық экономикалық комиссияда Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Сергей Шкляевтің төрағалығымен өткен жоғары деңгейдегі топтың отырысында ЕАЭО аумағы арқылы жүк тасымалдаған кезде навигациялық пломбаларды қолдану мәселесі талқыланды. Кеңеске Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мемлекеттік органдары мен ұлттық қадағалау операторларының өкілдері қатысты.

Қатысушылар елдерде қалыптасқан тәжірибені ескере отырып, мұндай пломбаларды қолданбай тауарларды кедендік транзиттен өткізуге рұқсат етілетін жағдайларды қарастырды. Ерекшеліктер мұндай бақылауды объективті түрде талап етпейтін және бұзылу қаупі барынша төмен жүктер үшін қажет, атап айтқанда: тірі жануарлар, халықаралық пошта жөнелтілімдері және жеке пайдалануға арналған тауарлар.

Сонымен қатар, отырыста ЕАЭО елдерінде өндірілген навигациялық пломбаларға көшуді қоса алғанда, құрылғылардың өздеріне қойылатын талаптар талқыланды.

Навигациялық пломба құлыптау құрылғысының (электронды құлып) және трекердің функцияларын біріктіреді, бұл тауарлардың нақты уақыттағы қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.

ЕАЭО-ның бүкіл аумағында навигациялық пломбаларды қолдана отырып, тауарларды тасымалдауды қадағалау 2026 жылғы 11 ақпанда басталды.