2022 жылғы 19 сәуірде Мәскеу қаласында мүше мемлекеттердің басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық одақта Тасымалдауларды қадағалау үшін навигациялық бітемелерді қолдану туралы келісім 2023 жылғы 3 сәуірде күшіне енді.
Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер Одақтың барлық мемлекеттерінде орындалды, бұл туралы ЕЭК-ке тиісті ноталар келіп түсті.
Құжаттың халықаралық шарт мәртебесі бар және ЕАЭО-да тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдау кезінде бақылаудың жаңа технологиялық құралын, яғни навигациялық бітемелерді қолданудың құқықтық негізін белгілейді.
Бұл ретте Келісімнің қолданылу аясы Одақтың екі және одан да көп елдерінің аумақтары бойынша жүзеге асырылатын тасымалдарға ғана қолданылады.
Навигациялық бітеме – бұл тауарлар мен көлік құралдарының қозғалысын қашықтан бақылауды қамтамасыз ететін құрылғы.
Бұл технология жүздеген және мыңдаған шақырым қашықтықта отырып онлайн режимде көлік құралын бақылауға және егер пломбаланған жүк бөлімінде орналасқан тауарларға қатысты қандай да бір рұқсатсыз іс-әрекет болып жатса, сондай іс-әрекетті тіркеуге мүмкіндік береді.
Навигациялық бітемелерді қолдану нәтижесінде тасымалдаулардың «ашықтығы» қамтамасыз етіледі.
Келісім тауарларды тасымалдау кезінде (транзит, экспорт және өзара сауда жасау аясында) мемлекеттік бақылау шараларын барынша азайтуға және олардың Одақ аумағында заңды айналымын қамтамасыз етуге бағытталған.
Келісімде тауарлардың санаттары мен олар тасымалданатын көлік түрлерін ескере отырып, қадағалауды кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Бұл тәсіл тасымалдауға қатысушылардың және мемлекеттік органдардың жаңа, заманауи талаптарға сай жұмыс жағдайларына оңай бейімделуін қамтамасыз етеді.
Бүгінгі күнгі ахуал жаңа заманауи бақылау құралының бақылаушы органдардың да, СЭҚ субъектілерінің де мүдделеріне жауап беретіндігін көрсетеді.
Анықтама
Осы жылдың 7 наурызында ЕЭК Алқасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде тасымалдауларды қадағалау үшін ЕАЭО-да навигациялық бітемелерді қолдану туралы келісімде анықталған навигациялық бітемелерді пайдалана отырып, тасымалдарды қадағалау механизмін енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын мақұлдады. Еуразиялық «бестік» елдерінің вице-премьерлері деңгейінде ЕЭК Кеңесі бекітуі тиіс жол картасы іс-шаралар кешенін қамтиды. Оларды іске асыру ЕАЭО елдерінде тасымалдарды қадағалауды 2024 жылғы қаңтарда бастауға мүмкіндік береді.