Моңғолия билігі органдарының өкілдері үшін ЕАЭО-ның жұмыс істеуі туралы ақпараттық-шолу семинары болып өтті
28.01.2022
ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы еркін сауда туралы келіссөздерге көшу және тиісті келісім жасасу қарсаңындағы бірлескен зерттеулер кезеңі аяқтала келді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев 28 қаңтарда Моңғолия билігі органдарының өкілдеріне арналған ақпараттық-шолу семинарында мәлімдеді.

«Біздің сарапшыларымыз қазірдің өзінде жұмыс істеп шықты және біз талдау үшін қомақты материалға ие болып отырмыз. Бүгінде осы зерттеулер базасында ынтымақтастықтың нақты күн тәртібін жаңа идеялармен байытуға және бұл ынтымақтастықты жаңа сапалық деңгейге көтеруге, жаңа сауда көлемін арттыруға мүмкіндік беретін нақты қадамдар мен жобалар туралы ойлану керек», — деп атап өтті министр құттықтау сөзінде. 

Андрей Слепнев Еуразиялық экономикалық одақ нарығының жоғары әлеуеті және оған моңғол өнімдерін жеткізу орайындағы мүмкіндіктер туралы айтты. Оның сөзінше, ортақ міндет — өзара, теңгерімделген нарықтық ашықтықты жасауға мүмкіндік беретін және екі тараптың кәсіпорындары үшін нақты нәтижелерге алып келетін шешімдер табу болып табылады.

Осыған байланысты ЕЭК Сауда жөніндегі министрі семинар моңғолдық әріптестерге ЕАЭО-ның жұмыс істеуімен бұдан да ізеуіртті танысуға, шешім қабылдау жүйесін түсінуге және қазіргі бар мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретініне сенімді екенін білдірді. «Соның ішінде бұл ақпарат бұдан да терең талдау жүргізуге және ынтымақтастықтың нақты бағыттары үшін таңдаулы мүмкіндіктерді айқындауға жол ашады», — деп қорытындылады Андрей Слепнев.

Өз кезегінде Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэг ауыл шаруашылығы, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, кен өндіру саласы және көлік сияқты салаларда ЕАЭО-мен ынтымақтастыққа мүдделілік білдірді. «Біздің мамандарымыз жетістіктеріміз бен табыстарымызға ғана емес, сонымен бірге ынтымақтастығымызды баяулататын мәселелерге де ашық әрі сындарлы қарайтынына сенімдімін», — деп атап көрсетті ол.

Моңғолия СІМ басшысының сөзінше, Еуразиялық бағыттағы халықаралық ынтымақтастық елдің негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады, ал серпінді дамып отырған Еуразиялық экономикалық одақпен үйлестіру жөніндегі күш-жігер жандандырылатын болады.

ЕЭК өкілдері моңғолдық әріптестеріне бірыңғай нарықтың жұмыс істеуі және ЕАЭО-дағы төрт «еркіндік» туралы, ортақ сауда саясатын іске асыру туралы, сондай-ақ санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық реттеу жайында айтып берді.

Тарифтік емес шектеулердің және техникалық тосқауылдардың нақты жағдайларына талдау жүргізілді, оларды шешудің ықтимал жолдары көрсетілді. Семинарға қатысушылар бизнестегі ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады және перспективалық бірлескен жобалар мен бағдарламаларды қарастырды. Отырыс интерактивті форматта болып өтті: моңғол тарапынан түскен сан алуан сұрақтарға жауап берілді.

ЕЭК тарапынан іс-шараға Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Гоар Барсегян, Санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар департаментінің директоры Наталья Жукова, Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры Тимур Нұрашев, сондай-ақ басқа да лауазымды қызметкерлер мен мамандар қатысты.

Пікірсайысқа ЕЭК тарапынан Сауда саясаты департаментінің директоры Игорь Назарук, Моңғолия тарапынан — Сыртқы істер министрлігінің сыртқы сауда және экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Ганболд Улзийсайхан модератор болды.

Анықтама

Соңғы бірнеше жылдың ішінде ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы бір жарым есе (47%, 2016 жылғы 1 млрд АҚШ долларынан 2020 жылғы 1,5 млрд АҚШ долл. дейін) артты.