Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтағы тауарлармен электрондық сауда туралы келісімнің жобасын мақұлдады және құжатқа қол қою үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу үшін оны мүше мемлекеттерге жіберді.
Келісім 2021 жылы Одақ елдерінің Үкімет басшылары бекіткен ЕАЭО-да электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жол картасын іске асыру шеңберінде әзірленді. Ол бірінші кезекте ішкі нарықта сауданың осы түрін жүзеге асырудың жалпы қағидаларын белгілеуге бағытталған.
ЕЭК министрінің сөзінше, тұтынушылар үшін бұл олардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай нормаларын дәстүрлі саудадан төмен емес деңгейде, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дербес деректерді қорғау, спам-жіберілімдерді шектеу дегенді білдіреді."Жүргізілген ауқымды жұмыстың іс жүзіндегі мақсаты электрондық сауда тауарларының еркін қозғалысы жолында түрлі тосқауылдардың туындау қаупін азайту болды. Бизнес үшін бұл Одақтың бүкіл аумағында реттеудің бірлігін, дұрыс болжану мен ашықтықты, электрондық құжат айналымын қолдану мүмкіндігін, әкімшілік жүктеме мен қаржылық шығындарды азайтуды білдіреді", – деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
Тұтастай алғанда, кешенді құқықтық ортаны құру бизнес үшін де, "бестік" елдерінің тұтынушылары үшін де қолайлы жағдай жасаудың маңызды кезеңі болып табылады. Электрондық сауда тауарларының, сондай-ақ Одақ нарығындағы ілеспе көрсетілетін қызметтердің қозғалыс еркіндігін қамтамасыз ету азаматтарға әртүрлі өңірден келетін сапалы тауарлардың кең ассортиментіне қол жеткізуге мүмкіндік береді және бизнеске жаңа өткізу нарықтарын ашады.
"Электрондық сауда туралы келісім сауда еркіндігі мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау бәсекелес мақсаттар емес, қайта тиімді, сенімді және бәсекелес экономиканы құрайтын, өзара бірін-бірі толықтыратын қағидаттар екенін дәлелдейді", – деп атап көрсетті Андрей Слепнев.