Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ бюджетінен Муром бағыттама зауыты мен Kazrost Engineering Ltd компаниясы іске асыратын екі кооперациялық жобаны іске асыруға субсидия беру жөніндегі алғашқы өтінімдерді мақұлдады.
Бірінші жоба пойыздардың жүрдек және жоғары жылдамдықты қозғалысы үшін, соның ішінде Мәскеу – Санкт-Петербург жоғары жылдамдықты теміржол магистралін (ЖЖТМ-1) және Ресей Федерациясының аумағында жүк тасымалы қауырт магистралдар салу кезінде өнімді пайдалану мақсатында бағыттама өнімдерін сериялық шығару үшін өндірістік қуаттарды құруға бағытталған.
Екінші жобаның мақсаты комбайн кабинасын оқшаулау бөлігінде жабдықтар сатып алу және өндірісті кеңейту, Қазақстан Республикасының аумағында ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі кәсіпорынның жобалық қуатын ұлғайту болып табылады.
ЕАЭО өндірушілерін қаржылық қолдаудың жаңа механизмі бірлескен жобаларды іске асыруға қаржы ұйымдары беретін кредиттер мен қарыздар бойынша пайыздық ставканы Одақ бюджетінен субсидиялауды көздейді.
ЕАЭО мемлекеттерінің Үкімет басшылары бизнес үшін бұрын-соңды болмаған жағдай жасап, мүше мемлекеттің орталық (ұлттық) банкінің түйінді ставкасының 100%-ы мөлшерінде өтемақы беруді мақұлдады.
Өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды қаржылық қолдаудың жаңа механизмін іске қосу Одақ елдеріне технологиялық дамудың жаңа деңгейіне шығуға, өндірістің жаңа модельдерін құруға, сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және өзара инвестицияларды ұлғайтуға мүмкіндік береді.