Жаңалықтар

05.10.2021 (Обновлено: 09.02.2022 09:33)

ЕЭК Кеңесі ЕАЭО-ның карантиндік фитосанитариялық талаптарына өзгерістерді бекітті

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 5 қазанда ЕАЭО-ның бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптарына өзгерістерді бекітті.

Комиссия Кеңесі шешімімен картоп пен қант қызылшасының тұқымына, зәйтүн ағашының, теректің, фуксияның, қалампырдың, асқабақ дақылдары мен пияздың көшеттеріне қойылатын, бұрын Бірыңғай талаптарда болмаған арнаулы талаптар бекітілді.

Ауыл шаруашылығы, орман және сәндік дақылдардың кең спектрінің тұқымдық және көшет материалына қойылатын талаптар карантиндік объектілердің кейбір түрлерінен азат аймақтарда ғана олардың өндірісіне қойылатын талаптарды алып тастау бөлігінде нақтыланды.

Өзгерістер осы өнімге тән карантиндік объектілердің түрлеріне қатысты жаңа піскен көкөністерге, жемістерге, ағаш материалдары мен шымтезекке қойылатын талаптарға да әсер етті.

Ағаш буып-түю және бекіту материалына қойылатын талаптар белгіленген халықаралық стандарттарға сәйкес келтірілді.

Жемістер мен жидектер жалған сымырлардың, сымырлардың, бактериялардың, вирустардың, вироидтердің, нематодтардың және фитоплазмалардың берілу векторлары болып табылмайтындықтан, осы әкелінетін өнімдерге қойылатын талаптар түзетілді: олар анықталған кезде оның Одақ аумағына әкелінуіне және мүше мемлекеттер арасында орын ауыстыруына рұқсат етіледі.

Бұл өзгерістерді енгізуге мүше мемлекеттердің өсімдік карантині жөніндегі уәкілетті органдарының құқық қолдану практикасын жинақтау нәтижелері жөніндегі ұсыныстары, ЕАЭО елдерінің ғылыми-зерттеу ұйымдары жүргізген фитосанитариялық қатерлерді бағалау нәтижелері, Еуропаның өсімдік карантині мен қорғау жөніндегі ұйымының (ЕӨКҚҰ) Жаһандық дерекқорындағы және инвазивті түрлер жинағындағы (CABI) карантиндік объектілер туралы мәліметтерді жаңарту, сондай-ақ шетелдік сауда әріптестері мен мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастығының сындарлы ұсыныстары себепкер болды.

Қабылданған өзгерістер карантиндік объектілердің кіріп кетуі мен таралуынан Одақ аумағының карантиндік фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, карантиндік объектілерден азат карантинге жатқызылған өнімнің аймақтарын, орнын және өндірісі учаскелерін сақтауға, сондай-ақ карантинге жатқызылған өнімнің сыртқы және өзара саудасы үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.