Жаңалықтар

15.07.2022 (Обновлено: 19.07.2022 10:39)

ЕЭК Кеңесі карантиндік объектілер тізбесіне зиянды организмдердің 11 түрін кіргізді және жедеғабыл жүктерде карантинге жатқызылған өнімді әкелуді оңайлатты

ЕЭК Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтың карантиндік объектілерінің бірыңғай тізбесін батыстық картоп бүрге қоңызы, батыстық шие шыбыны және басқалар сияқты зиянды организмдердің 11 түрімен толықтыру туралы шешім қабылдады. Олар жеміс ағаштарына, көкөніс дақылдарына, гүлдерге және басқа өсімдіктерге зиян келтіреді және мүше елдердің экономикасына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

Қазір бұл зиянды организмдер Одақ аумағында жоқ, бірақ тұқымдық және отырғызылатын материал, тропикалық және субтропикалық дақылдардың өсімдіктері, жаңа піскен көкөністер мен жемістер, цитрус жемістері, қауын, қарбыз, кесілген гүлдер және т. б. сияқты карантинге жатқызылған өнімдермен әкелінуі мүмкін.

Осыған байланысты ЕАЭО-ның бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптары өзгертілді және осы өнімді әкелуге қойылатын арнайы карантиндік фитосанитариялық талаптар өзектілендірілуде.

Сондай-ақ карантинге жатқызылған өнімді фитосанитариялық сертификатпен бірге алып жүрмей, жалпы салмағы 5 кг аспайтын жедеғабыл жүктерде (тұқымдық, отырғызылатын материал мен картопты қоспағанда) әкелуге рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Осыған ұқсас норма пошта жөнелтілімдерімен әкелінетін карантинге жатқызылған өнімге қатысты қолданылады.

ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко атап өткендей, Кеңестің шешімі өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті органдардың басты міндеті — Одақтың кедендік аумағының карантиндік фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді іске асыруға бағытталған. Ол сондай-ақ жедеғабыл жүктерде карантинге жатқызылған өнімді әкелу рәсімін оңайлатады.