29 мамырда Астанада V Еуразиялық экономикалық форум аясында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді аккредиттеу жөніндегі органдар басшылары кеңесінің 31-ші отырысы өтті.
ЕАЭО елдерінің аккредиттеу органдарының өзара салыстырмалы бағалау жүргізу мәселелері қаралды. Кеңес мүшелері осы жылдың жазында аяқталуы жоспарланған Арменияның аккредиттеу органына өзара салыстырмалы бағалау бойынша қорытынды қадамдарды анықтады. Беларусьтің аккредиттеу органына өзара салыстырмалы бағалау жүргізуге дайындыққа ерекше назар аударылды: бағалау тобының құрамы мен оның жетекшісі келісілді, бұл тиісті жұмысты ағымдағы жылдың соңында бастауға мүмкіндік береді.
Қалыптасқан тәжірибені ескере отырып, Одақ мемлекеттерінің аккредиттеу органдары жүзеге асыратын өзара салыстырмалы бағалаулар тәртібіне өзгерістер дайындалып, келісілді. Бұл тәртіпті еуразиялық «бестік» елдерінің үкімет басшылары 2022 жылы бекіткен болатын.
Интеграциялық бірлестік елдерінде өткізілетін зертханаралық салыстырмалы сынақтарға ұлттық аккредиттеу органдарының қатысу мәселелері талқыланды.
Талқылау қорытындысы бойынша ЕАЭО мемлекеттерін аккредиттеу жөніндегі органдар арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл алгоритмін жетілдіруді жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары басшыларының кеңесі 2018 жылы Одақ туралы шартты іске асыру аясында техникалық реттеу саласында аккредиттеуді дамыту үшін ЕАЭО-ның қосалқы органы ретінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімімен құрылған болатын.
2026 жылы Басшылар кеңесіне төрағалық етуді Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Ұлттық аккредиттеу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны атынан Қазақстан жүзеге асырады.