Бұл мәселелерді талқылау алаңы ЕЭК Көлік және инфрақұрылым жөніндегі консультативтік комитетінің 30-шы отырысы болды.
Отырысқа ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарының, қоғамдық ұйымдардың, салалық одақтардың және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттер — Иран Ислам Республикасы мен Куба Республикасынан өкілдер қатысты.
Іс-шараға қатысушылар халықаралық автомобиль тасымалын жүзеге асыратын Армения Республикасының, Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының жүргізуші азаматтарының Ресей Федерациясының аумағында уақытша болу мерзімінің қысқаруына байланысты қалыптасып отырған қазіргі жағдаятты талқылады.
Кеңесте қазіргі уақытта жағдаятты реттеу бойынша жедел шаралар қабылданып жатқаны атап өтілді.
Сондай-ақ, іс-шара барысында Еуразиялық көлік дәліздерін дамытудың кешенді жоспарын іске асыру барысы қаралды: нысаналы индикаторлардың (көрсеткіштердің), Еуразиялық көлік дәліздерінің (маршруттарының) паспорттарының және оларға қойылатын ең төменгі талаптардың жобалары келісілді. Бұл құжаттар Көлік саласындағы уәкілетті органдар басшылары кеңесінің кезекті отырысында қаралатын болады.
Консультативтік комитет мүшелері сондай-ақ Еуразиялық көлік дәліздеріне (маршруттарына) кіретін теміржол, автожол және порт инфрақұрылымын дамыту бойынша ЕАЭО елдері қабылдаған шараларды талдауды, көлік саласындағы басым интеграциялық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру нәтижелерін, сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін (маршруттарын) дамыту үшін жаңа технологияларды қолданудың таңдаулы халықаралық тәжірибелері және оларды қолдану жөніндегі ұсынымдарды қарады.
Болашақта үшінші елдердің қатысуымен жүзеге асырылуы мүмкін инфрақұрылымдық жобалар пулын қалыптастыру жоспарлануда. Мұндай пулды қалыптастыру алгоритмі қосымша пысықталатын болады.
Сондай-ақ, тараптар жүзеге асырылып жатқан көлік саясатына сай дамудың салалық аспектілерін талқылады.
Атап айтқанда, ЕАЭО шеңберінде "бестік" елдерінің интеллектуалды көлік жүйелерінің өзара іс-қимылын жетілдіру жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру үшін "жол картасы" қаралды, ауыр салмақты және (немесе) ірі көлемді көлік құралдарының жүруіне, сондай-ақ қауіпті жүктерді тасымалдауға арнайы рұқсаттар алу үшін қажетті мәліметтер мен құжаттардың тізбелері мақұлданды.
Комитетке сондай-ақ теміржол көлігі бөлігінде интеграциялық жұмыстың нәтижелері ұсынылды, оның қорытындысы бойынша Одақ шеңберінде мүше мемлекеттердің жолаушы-азаматтарының теміржол көлігімен жүруіне әсер ететін рәсімдерді оңайлату және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің теміржол көлігін пайдалана отырып, Еуразиялық туристік маршруттарды дамыту туралы ұсыным мақұлданды.
Консультативтік комитет Иран Ислам Республикасымен ынтымақтастықты дамыту мәселесін, сондай-ақ Көлік және инфрақұрылым департаменті дайындаған ЕАЭО мен Иран арасындағы Еркін сауда туралы келісімді іске асыру шеңберінде құрылған Көлік және транзит саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитеттің қызметін ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарды қарады.
Ұсыныстар Иран аумағы арқылы жүк тасымалдауды ұйымдастыру, сондай-ақ шекаралық өткелдердің жұмысын, терминалдық инфрақұрылымды дамытуды қоса, "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізінің маршруттарында көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мәселелердің кең ауқымын қозғайды.
Консультативтік комитет қабылдаған шешімдер Көлік саласындағы уәкілетті органдар басшыларының кеңесіне кезекті отырыста ұсынылатын болады.