Отырыс Ереванда ЕЭК Қаржы саясаты департаментінің директоры Аркадий Хачатрянның төрағалығымен өтті. Іс-шараға ЕАЭО елдерінің орталық (ұлттық) банктері мен қаржы реттеушілерінің басшылары және өкілдері қатысты.
Консультативтік комитет мүшелері ЕАЭО мемлекеттерінің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үндестіру жөніндегі 2025 жылғы іс-шаралар жоспарының іске асырылу барысы туралы есепті қарап, мақұлдады.
"Есепте Комиссияның қаржы реттеушілерімен бірлесіп жүргізген, банк және сақтандыру секторларындағы және бағалы қағаздар нарығындағы заңнаманы үндестіру жөніндегі жұмысы көрсетілген. Қаржы нарықтары саласындағы реттеу мен қадағалауға қойылатын үндестірілген талаптар ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын құрудың маңызды және қажетті талапшарттары болып табылады", – деп атап өтті Аркадий Хачатрян.
Отырысқа қатысушылар Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2025 жылғы 21 желтоқсандағы № 7 "ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үндестіру және Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тәсілдемелері туралы" өкімін орындау жөніндегі жұмыс барысы туралы мәселені талқылады.
ЖЕЭК өкімін орындау шеңберінде Одақ туралы шартты, Үндестіру туралы келісімді, заңнаманы үндестіру жоспарын, ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын өзектілендіру және ортақ қаржы нарығында қаржы қызметтерін трансшекаралық ұсынудың келісілген тәсілдемелерін айқындау мәселелері қаралды.
Консультативтік комитет мүшелері "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясын іске асыру жөніндегі жол картасында белгіленген мерзімдерді ескере отырып, ЖЕЭК-тің № 7 өкімін орындау жөніндегі жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылдады.