ЕАЭО елдері темекінің заңсыз айналымына қарсы әрекет ету шараларын талқылады
Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік реттеу жөніндегі консультативтік комитеті жанындағы бейінді жұмыс тобының отырысында Еуразиялық экономикалық одақ нарығына темекі өнімдерінің заңсыз әкелінуі мен айналымына қарсы күрес жөніндегі шаралар қаралды. Кеңес Алматыда ЕЭК Кеден заңнамасы және құқық қолдану практикасы департаментінің директоры Қуат Рахимовтың басшылығымен өтті.

Жұмыс тобының мүшелері ЕАЭО-ға темекіні заңсыз әкелуді болдырмауға бағытталған кедендік бақылау әдістері туралы толық ақпарат алды, сондай-ақ заңсыз темекі өнімдерінің таралуына қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесімен танысты.

Жұмыс тобының қатысушылары Еуразиялық экономикалық комиссияның темекінің заңсыз айналымы көлемін төмендететін навигациялық пломбаларды қолдана отырып, тасымалдарды қадағалап отыру жүйесін ендіру жөніндегі жұмысын жоғары бағалады және темекі контрабандасына қарсы күрестің ұсынылған тиімді әлемдік практикалары мен технологияларына қызығушылық танытты.

Отырыс қорытындысы бойынша ЕАЭО нарығында темекі өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл кезінде практикалық пайдалануға арналған материалдар дайындауды қоса, топ қызметінің бұдан арғы бағыттары бойынша шешімдер қабылданды.