ЕАЭО елдері 2025 жылға арналған тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың негізгі бағыттарын анықтады

Еуразиялық экономикалық комиссияның техникалық реттеу министрі Валентин Татарицкийдің төрағалығымен өткен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік комитеттің отырысында Одақ елдерінің 2025 жылға арналған бірлескен жұмысының перспективалық бағыттары талқыланды.

Отырысқа қатысушылар ЕАЭО елдерінің жақын арадағы перспективаға арналған бірлескен іс-қимылдарының жаңа салалық бағдарламасын әзірлеуді бастады. Бағдарламаның басты басымдықтарының бірі –цифрландыру, сауда және қызмет көрсету салаларында инновациялар мен зияткерлік сервистерді енгізу жағдайында тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік және қоғамдық институттарына халықтың сенімін нығайту.

Консультативтік комитеттің отырысы барысында оның қатысушылары Комиссия Алқасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамасына шолу жүргізудің жалпы тәсілдері туралы» ұсынымы жобасының мәтінін келісімге алды. Бұл құжат ЕЭК Алқасының қарауына жіберілді.

Сонымен қатар ЕЭК-тің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы, оның ішінде электрондық саудадағы трансшекаралық дауларды шешу мәселелері бойынша жүргізген талдамалық зерттеулерінің нәтижелері қаралды.

«Электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы орта құру барлық тараптардың мүдделерінің тең болуына негізделуі тиіс. Әрине, біз бірінші кезекте тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы айтып отырмыз. Бірақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бизнестің де, қоғамдық ұйымдардың да пікірлерін ескеру қажет. Бұл Одақ шеңберінде сатушының да, сатып алушының да мүдделері ескерілетін тиімді құқықтық база құруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Валентин Татарицкий бұл мәселені талқылау кезінде.

ЕЭК министрі сондай-ақ тиімді механизмдерді әзірлеу және Одақтың бүкіл кеңістігінде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттердің әлемдік тәжірибесі мен үздік ұлттық тәжірибелерін қолданудың маңыздылығын атап өтті.

Консультативтік комитеттің отырысына ТМД Атқарушы комитетінің және Өзбекстан Республикасының бәсекелестікті дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері қатысты.

Валентин Татарицкий мұндай бірлескен іс-шаралар салалық диалогты неғұрлым кең көлемде дамытуға ықпал ететініне және ЕАЭО мен ТМД елдерінің әлеуетін біріктіретініне сенім білдірді.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік комитет ЕАЭО елдерінің бірыңғай тұтыну нарығында туындайтын өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау үшін мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдерін біріктіретін алаң болып табылады.

Консультативтік комитеттің отырысына Өзбекстан Республикасының Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті өкілдерінің қатысуы 2024 жылғы қарашада Комиссияның Самарқандта ШЫҰ елдерінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарының консультативтік кездесуіне қатысуы барысында қол жеткізілген Комиссия мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің бірлескен іс-шаралар жоспарын орындау жөніндегі уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыру болып табылады.