Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеудің кедендік рәсімін қолдану өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды және мүше мемлекеттердің экспортын ынталандырады. Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Виталий Вовк мұны ЕЭК алаңында болып өткен осы тақырып бойынша семинарда атап көрсетті.
Виталий Вовктың сөзінше, шетелдік тауарларды кедендік баждар мен салықтарды төлеуден уақытша босата отырып пайдалануды көздейтін мұндай кедендік рәсім Одақта өндірістік процестерді жетілдіруге және тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі. Шын мәнінде, ол Еуразиялық "бестік" елдерінің интеграциялық әлеуетінің маңызды элементтерінің бірі болып табылады.
"Комиссияның Одақ мемлекеттері басшыларының жоғары технологиялық өнімді өндіру кезінде өз құзыреттері мен технологияларын дамыту және оның үшінші елдерге экспортын ұлғайту жөніндегі бастамаларын іске асыруы үшін біздің интеграциялық әлеуетіміздің толық пайдаланылғаны жөн. Бұл өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі күш-жігерді шоғырландыру және бәсекеге қабілетті өнім шығарудың жаңа тиімді механизмдерін әзірлеу үшін қажет", — деп атап өтті Виталий Вовк.
Семинарда қайта өңдеудің кедендік рәсімін практикалық қолдану мәселелеріне, оны Одақ мемлекеттерінің кеден органдарының іске асыруының әкімшілік аспектілеріне, өндірушілер мен экспорттаушылар үшін артықшылықтарға айрықша назар аударылды.
Аталған рәсім белсенді қолданылатын немесе қолданылуы мүмкін өнеркәсіп салаларының қатарына қозғалтқыш өндірісін, металлургияны, фармацевтиканы, ағаш өңдеуді, химия өнеркәсібін, жеңіл өнеркәсіпті және басқа бірқатар саланы қоса, авиация және кеме жасау, теміржол машиналарын жасау, автомобиль жасау жатады.
Аталған салалардағы кооперациялық жеткізілімдер динамикасын талдау ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және үшінші елдердің нарықтарына жоғары технологиялық өнімдер экспортын кеңейту жолында елеулі әлеует бар екенін айғақтайды.