ЕАЭО елдері экономикасының өсу қарқыны орташа әлемдік мәндерден озық тұр
13.08.2025
Еуразиялық экономикалық комиссияның Макроэкономикалық саясат департаментінің директоры Алексей Ведев Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысындағы Бостері ауылында өткен, Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруінің 10 жылдығына арналған конференцияда Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі экономикалық дамудың оң серпіні мен интеграциялық өзара байланыстардың нығаюы жайында айтып берді.

Алексей Ведев, атап айтқанда, Одақтың 2015 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі жиынтық ЖІӨ 17,8%, ал абсолюттік мәнінде 1 трлн долларға жуық өскенін атап өтті. ЕАЭО-ның әлемдік экономикадағы үлесі 3,7%-дан 4,1%-ға дейін артты. Бұл ретте мүше мемлекеттер экономикасының өсу қарқыны соңғы бірнеше жылда орташа әлемдік мәндерден озық келуде.

Қырғыз Республикасына қатысты айтатын болсақ, оның ЖІӨ 56,4% өсті, негізгі капиталға инвестициялар 47% өсті, нақты жалақы бір жарым еседен астам өсті, жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеді.

Одақ елдерінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің өзара саудасында, сондай-ақ еңбек көші-қоны саласында интеграциялық әсер көзге түсерліктей байқалады. ЖІӨ-ге интеграцияның мейлінше көп үлесі Армения мен Қырғызстанда байқалды. Тұтастай алғанда, ЕАЭО бойынша интеграция салымы ЖІӨ-нің 1,65%-ы немесе шамамен 40 млрд долларға бағаланады.

ЕЭК департаментінің басшысы 2014 жылы ЕАЭО туралы шартқа, содан кейін 2025-Стратегиясына — Комиссияның экономиканың түрлі саласында мүше мемлекеттермен бірлескен жұмысын құру жолындағы түйінді құжаттарға қол қоюдың маңыздылығын атап өтіп, Одақ шеңберіндегі қызмет 2045 жылға дейінгі "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясының негізінде құрылатынын еске салды.

Декларацияда көрсетілген интеграциялық шаралардың ішінен Алексей Ведев АӨК-те инновациялық тәсілдемелерді ендіруді, энергетикалық тиімділікті және жаңғыртылатын энергетиканы арттыру саласындағы технологияларды дамытуды, технологиялық даму саласындағы кооперациялық өзара іс-қимыл үшін ортақ кеңістік құруды бөліп көрсетті.