Жаңалықтар

25.05.2023 (Обновлено: 31.05.2023 10:24)

Цифрландыру және бірлескен инвестициялық жобаларды құру ЕАЭО үшін басымдыққа айналады

Еуразиялық экономикалық одақ өзінің іс-әрекет ету кезеңінде өзінің даму болашағын көрсетті, бұған коронавирус пандемиясынан кейінгі экономикалық көрсеткіштердің өсуі дәлел болып табылады, алайда ЕАЭО елдері жоғары тиімділікке қол жеткізу үшін цифрландыруға және бірлескен инвестициялық жобаларды әзірлеуге ерекше назар аударуы қажет. Мұндай қорытындыға мүше мемлекеттердің өкілдері мен сарапшылары II Еуразиялық экономикалық форум аясында өткен «ЕАЭО басымдықтары 2030+» сессиясының нәтижелері бойынша келді.

«Біз, яғни Еуразиялық экономикалық одақ, өзіміздің іс-әрекетімізді дәлелдедік. Бізде жұмыссыздық деңгейі төмен, ресурстармен өзін-өзі жақсы қамтамасыз ету, энергетикалық қауіпсіздік, инфляция деңгейі төмен, өзіміздің тәуелсіз төлем жүйеміз бар. Біздің қарым-қатынас жасайтын тіліміз де ортақ, бұл біздің үлкен артықшылығымыз. Мұның бәрі ЕАЭО-ны барлық әлеуетін іске асыру және біздің Одақты Еуразияның қауіпсіз макроөңіріне айналдыру үшін маңыздылығын білдіреді. Ресей төрағалығының басымдықтары осыған бағытталған», — деп атап өтті Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің Төрағасы Алексей Оверчук.
Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі Андрей Слепневте еуразиялық интеграцияның дамуына оң баға берді, ол: «Жалпы алғанда, біздің интеграциямыз өзінің сұранысын көрсете білді. Сауда да, инвестиция да өсуде. Өткен жылы кезекті рекорд болды, яғни 83,5 миллиард долларға жуық өзара сауда жасалды, бұл 2021 жылға қарағанда 14%-ға өскен. Ауыл шаруашылығы 30%-дан астам өсті. Бізде азық-түлік, экономикалық қауіпсіздігіне кепілдік берілген, біздің еуразиялық кеңістік капитал үшін, бизнес үшін ашық».

 

Бұл ретте сессияға қатысушылар шешілуі тиіс бірқатар проблемаларды белгілей отырып, жағдайға байсалды қарайды. Мысалы, ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович: «Иә, бізде өткен жылы өзара сауда жасау көлемінің өсуі байқалды. Бірақ құрылымына қарасақ, бұл көбінесе үшінші елдерден келген импортты алмастыру болып табылады. Ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекелесіп сауда жасау үшін өз тауарларымыз жеткіліксіз. Бұны ашық айту керек».

   

«Біз халықаралық құқықтық шарттарымыздың нысанасы болуға тиіс рухани-адамгершілік құндылықтарымызды қорғау форматтарын әзірлеуіміз керек», — деп тағы бір проблемалық тақырыпты Ресей Федерациясының Әділет министрі Константин Чуйченко көтерді.

Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян қатысушылардың назарын Одақ экономикасын цифрландыру бойынша күш-жігердің жеткіліксіздігіне аудара отырып, пікірталасты экономикалық бағытқа қайтарды: «Цифрландыру – өте өзекті мәселе. Бұл ыңғайлы болғандықтан ғана емес, егер біз жеткілікті түрде, толық көлемде цифрланбасақ, біздің шешімдеріміз дұрыс қарқынмен қолданылмайды және дұрыс орындалмайды деп ойлаймын. Ал, бұл өте өткір мәселе».

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин әріптесін қолдап: «Мен де цифрлық күн тәртібін дамыту басымды міндет болуы тиіс, онымен технологиялық даму байланысты деп есептеймін. Цифрлық күн тәртібі, әрине, Одақтың үлестірілген цифрлық платформасы. Біз оны іске асыруды тағы да кейінге шегеріп қойдық. Мұның бәрі объективті себептерге байланысты, өйткені әр елдің өз қиындықтары бар».

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович көптеген мәселелерді шешу үшін одақтас елдерге бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту қажет екеніне сенімді.

«Бүгінде мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге асырылмайтын салаларға, микроэлектроника, станок жасау, ұшақ жасау және басқа да көптеген бағыттарға қомақты қаржы құю керек, кәсіпорындардың дамуы үшін оларға жеңілдетілген салықтық және басқа да ынталандыру механизмдерін жасау керек, — деп атап өтті Михаил Мясникович. Осы мақсаттарға, яғни кооперациялық жобаларды қолдауға 2024 жылы 1,7 миллиард ресей рублін бағыттау ұсынылады. Тараптар Ресей Қаржы министрлігінің ұсынысын қолдайды деп ойлаймын. Бірақ, бұған жобалар қажет. Шаруашылық жүргізуші субъектілер, бизнес өкілдері осы бірлескен жобалардың шарттарының қандай екенін көрмейінше, қозғалыс өте баяу болады. Бұл жағдайда ұлттық шешімдер қабылдануы керек».

«Біз бес мемлекетіміздің ұзақ мерзімді басымдықтарын талдадық. Мен оларды негізінен маңызды технологиялар мен басым бағыттар тұрғысынан жаңа технологиялық құрылымның өсуінің негізгі бағыттарымен сәйкес келеді деп айта аламын. Бірақ бұл өсудің деңгейіне шығуға біздің бүгін талқылап отырған кооперация, бірлескен жобалар және технологиялық тәуелсіздік сияқты міндеттерді қаржыландыру көздерінің жоқтығы кедергі келтіреді. Жетекші елдер деңгейіне шығу үшін біз инвестиция көлемін екі есеге арттырып, ҒЗТКЖ шығындарын үш есеге арттыруымыз керек», — деп түйіндеді ЕЭК Интеграция және макроэкономика министрі Сергей Глазьев.