АӨК-тегі цифрлық технологиялар оның Одақ елдеріндегі тиімділігін арттырудың негізгі құралына айналуда

Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегян 4 шілдеде Волгоградта өткен Бүкілресейлік дала күні – 2025 «Дамуға арналған міндеттер: ресейлік өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыру» атты пленарлық отырысында мәлімдеді.

«Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ауыл шаруашылығы сапалы өзгеру қарсаңында тұр. Аграрлық нарықты цифрлық модельге айналдыру – ауыл шаруашылығы өндірісінің жедел өсуіне арналған құралдардың бірі. ЕЭК пен ұлттық үкіметтердің күш-жігері дәл осы бағытқа шоғырланған», – деп атап өтті Гоар Барсегян.

Отырыста өсімдік шаруашылығындағы тиімділікті арттыру, оның ішінде заманауи цифрлық шешімдер – пилотсыз технологиялар, цифрлық
мониторинг және роботтандыру есебінен арттыру мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Ресей Федерациясының ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут және Беларусь Республикасының ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Игорь Горлов қатысты.

Іскерлік бағдарлама аясында Гоар Барсегян Оксана Лутпен жұмыс кездесуін өткізді. Агроөнеркәсіптік кешен саласында ЕАЭО мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды. Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ аясында экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясының іске асырылуын талқылай отырып, АӨК саласында интеграциялық процестерді тереңдету және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Агроөнеркәсіптік кешендегі кооперациялық жобаларды қаржылық қолдау механизмін іске қосу үшін ұсыныстарды дайындауға күш-жігерді бірлесіп шоғырландыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

«АӨК-те бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыру өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуға, технологиялық жетілдіруге, мемлекетаралық сауда-экономикалық байланыстар мен өзара инвестицияларды ұлғайтуға ықпал ететін болады», – деп атап өтті ЕЭК министрі.

Гоар Барсегян ЕАЭО аясында ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту, ортақ аграрлық нарықты реттеу жөніндегі ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін келісілген іс-қимылдардың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, ЕЭК министрі «Бүкілресейлік дала күні – 2025» көрмесінің салтанатты ашылуына қатысып, көрмені аралап, заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен және жабдықтарымен танысты.