Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Ресей Федерациясының сәйкестендіру құралдарымен таңбаланатын жеңіл өнеркәсіп тауарларының тізбесін кеңейту туралы ұсынысын қарады және Еуразиялық экономикалық одақтың қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілеріне өзгертулер енгізу туралы шешім қабылдады.
Түзетулер ЕЭК Кеңесінің «Жеңіл өнеркәсіптің жекелеген тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды енгізу туралы» 2019 жылғы 18 қарашадағы № 127 шешімімен бекітілген таңбалауға жататын өнім түрлеріне ғана қатысты.
Таңбалау, атап айтқанда, балалар киіміне, шомылу костюмдеріне, галстуктарға, балалар мен әйелдер іш киімдеріне, сондай-ақ бас киімдерге қолданылады. ЕАЭО елдері 2025 жылғы 1 наурыздан бастап аталған тауарларға қатысты таңбаланбаған өнім айналымына тыйым салуға құқылы.
"Жаңа тауарларды кезең кезеңімен қосу — бұл тұтынушыға өнімнің түпнұсқалығына көз жеткізуге және заңсыз айналымды азайту есебінен нарықтың адал қатысушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін Одақтың жалпы таңбалау жүйесін дамыту", — деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
Ол тауарлардың жаңа топтарын таңбалау бұрынғыдай біріздендірілген қағидалар бойынша жүргізілетінін атап көрсетті. Бұл ретте Комиссия Кеңесінің 2019 жылғы 5 наурыздағы № 19 шешімімен бекітілген ЕАЭО-да тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жүйесінің базалық технологиялық ұйымдық моделінің ережелері ескеріледі. Сөйтіп, таңбалау кодтарын өзара тану қамтамасыз етіледі, бұл тауарлардың Одақ аумағындағы айналысы кезінде оларды қайта таңбалау қажеттігін болдырмайды.