11 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті операторлары арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды. Құжат тасымалдауды қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді іске асыру үшін қажет.
Қол қою рәсіміне "АрмДжиПиЭС" ЖШҚ директоры Артур Акопян (Армения Республикасы), "Белтаможсервис" РБК бас директорының бірінші орынбасары Александр Скачковский (Беларусь Республикасы), "Ғарыштық техника және технологиялар институты" ЖШС директоры Разия Буралқиева (Қазақстан Республикасы), Қырғыз Республикасының халықаралық автомобиль тасымалдаушылары қауымдастығының төрағасы Түрікмен Боотаев, "Цифрлық платформаларды дамыту орталығы" ЖШҚ бас директоры Артем Попов (Ресей Федерациясы), сондай-ақ, ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович және ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Эльдар Алишеров қатысты.
"Қол қойылған келісім – біздің Одақ шеңберінде тауарларды тасымалдаудың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Бұл мүше мемлекеттердің адал бәсекелестікке және тұтынушылардың қауіпсіздігіне ықпал ету үшін тасымалдауды қадағалап отыру рәсімдерін жетілдіруге деген ұмтылысын көрсетеді", – деп атап көрсетті Михаил Мясникович.
Бір жағынан ЕАЭО-да навигациялық пломбаларды пайдалану тасымалдардың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал екінші жағынан тауарлардың жүру жолы бойынша бақылау іс-шараларын жүргізуді барынша азайтады. Сөйтіп, келісімді іске асыру алушыға жүктерді жеткізу рәсімін жеңілдетуге және жеделдетуге мүмкіндік береді.
Анықтама
Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдарды қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімге 2022 жылғы 19 сәуірде қол қойылып, 2023 жылғы 3 сәуірде күшіне енді. Келісімді қолдану басталғанға дейін Комиссия деңгейінде де, ұлттық деңгейде де бірқатар іс-шараларды іске асыру қажет болды. Іс-шаралар тізбесі "жол картасында" бекітілген. Бұл бағыттағы жұмыс аяқталу сатысында тұр.
Екінші деңгейдегі актілерді дайындау кезінде тараптар жүргізген эксперименттер шеңберінде (Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында ағаш материалдарына қатысты және Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында өзара саудада тауарларды тасымалдауға қатысты) алынған практикалық тәжірибе ескерілді.
Келісімде белгіленген мерзімдерге сүйене отырып, оны іс жүзінде жүзеге асыру 2024 жылдың басында басталуға тиіс.