Ветеринариялық дәрілік препараттардың алты тобы үшін тіркеу дерекнамасын ЕАЭО қағидаларына сәйкес келтіру рәсімі оңайлатылды

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында ветеринариялық дәрілік препараттардың айналысын реттеу қағидаларына өзгерістерді қабылдады.


Ветеринариялық дәрілік препараттардың алты тобы үшін тіркеу дерекнамасын сәйкес келтіру рәсімі оңайлатылды — бұл витаминдер, өнімсіз жануарлар үшін паразиттерге қарсы препараттар, өсімдіктен алынатын препараттар, антисептикалық препараттар, сондай-ақ жануарлар организміндегі су-электролит балансын қалпына келтіруге арналған препараттар және құрамында әсер етуші зат ретінде минералдар болатын препараттар.

Егер бұрын осы топтардың ветеринариялық препараттарының тіркеу дерекнамасы аумағында осы препараттардың айналысы жоспарланып отырған мүше мемлекеттің әрбір уәкілетті органының келісуі бойынша жаңа талаптарға сәйкес келтірілуге тиіс болса, енді өзгерістерден кейін келісу талап етілмейді.

Бұл ретте көрсетілген препараттар ЕАЭО-да өндірілуге және оның аумағында бес жылдан астам айналыста болуға тиіс.

Қабылданған құжат ЕАЭО қағидаларының жекелеген ережелеріне нақтылаушы және техникалық сипатта түзету енгізеді.

ЕЭК Кеңесі Қырғыз Республикасының Қағидаларға ЕАЭО елінің бастамасы бойынша мүше мемлекеттердің бірінде Қағидаларға сәйкес тіркелген ветеринариялық дәрілік препараттарды тіркеу рәсімін көздейтін өзгерістер енгізу туралы мәселені жарты жыл ішінде пысықтау жөніндегі ұсынысын қолдады. Бұл "шағын нарықты" мемлекеттерде ветеринариялық дәрілік препараттар тапшылығының пайда болу тәуекелін одан әрі азайтуға мүмкіндік береді.

Қабылданған барлық өзгерісті іске асыру ветеринариялық препараттарды өндірушілерге түсетін қаржылық жүктемені азайтуға, демек өзіндік құнды төмендетуге көмектеседі. Бұдан басқа, Одақ елдерінің уәкілетті органдарына түсетін әкімшілік жүктеме қысқарады.